24.10.2019, 15:52
Қараулар: 736
Көп балалы ана, ақ жаулықты әже Ғайнижамал АБДОЛЛИНА: «ҚАСИЕТТІҢ БӘРІ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫНДА КӨРГЕНІНЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ»

Көп балалы ана, ақ жаулықты әже Ғайнижамал АБДОЛЛИНА: «ҚАСИЕТТІҢ БӘРІ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫНДА КӨРГЕНІНЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ»

Өткенде «Думан» тойханасында дүбірлі той өтті. Абдоллиндер әулетінің кейуанасы Ғайнижамал әжеміз сексеннің сеңгіріне шығып, қаумалаған ұл-қыздары кереметтей той жасауды жөн көріпті. Сол  мерейлі сәттерге куә болысқан ағайын «Әжеміз қандай бақытты еді, балалары қаладан сексен бір раушан гүлдерін арнайы алдыртып, кешті гүлмен көмкерді» деп мақтауларын асырды. Сырттай біз де сүйсіндік. «Жәннат — ананың табанының астында» демекші, жарық дүниеге әкеліп, өмірдің нәрін сыйлаған  анаға қандай құрмет көрсетсек те, қандай сый-сыяпат тарту етсек те жарасатын секілді. Ол ол ма, әжеміз он үш құрсақ көтерген алтын құрсақты ана. Батыр ана. Қиын- қыстау заманның мехнатын аз көрмеген әзиз жан. Сабақты ине сәтімен деп, ауылға келгенін естіген бойда біз де ол түскен  үйді бетке алдық.

Әлбетте әңгімеміздің әлқиссасын әулеттің түп тамыры, алтын қазығы Ғайнижамал Абдоллинаның өткенінен бастағанды құп көрдік.

–  Біз өткерген дәуір қазіргіден  мүлдем бөлек еді ғой. Сол жылдардың  қиындығы мен азабын есіме алғым келмесе де санадан  түп-тамырымен өшіре алмайды екенсің. Әкем Таубай мен анам Қанапыштың кенже қызымын.  Алдымда екі үлкен әпкем болды. Әкеміз өте еңбекқор, кез келген істі тартынбай жасап, нәпәқасын майдай терімен тапты.  Қоян аулап, терісін сататын. Анамыз да тірлікке мығым еді. Әкеміздің жиған-тергенінің берекесін келтіріп, үй тірлігіне мығым болды.  Әпкелерім секілді мен де буын бекіп, белім қатпаған шақтан еңбекке араластым. Қатарластарым секілді далада масақ теріп, бидай жинайтынбыз. Үйге оралғанша шикі бидайды талғажау етсек, қалғанын етегімізге орап әкелетінбіз. Тезек, қи жинау, мал бағысу секілді тірліктерді санаспай атқардық. Басыңа түссе баспақшыл деген осы шығар.

Ғайнижамал әжеміз Шайдолла атамызбен қосылғанда небәрі он алты жастағы уыздай жас қыз еді. Тұрмыс құрып, біреудің некелі жары атанамын деген ой түсіне енбек түгілі, әке-шешесі ұзатылатындығы туралы  ләм-мим демеген көрінеді.  «Сырттан ішке ентіге шауып кірдім де, әдетімше аяқ киімімнің  сыңарын бір жаққа, келесісін екінші жаққа лақтырып жібердім. Жеңгем бұл қылығымды ұнатпағандай болып қолымнан тартып қалды. Сөйтсем,  төргі бөлмеде мені айттырып келген меймандар отыр екен.  Мен аң- таң. Ақырын алдарына барып сәлем бердім де шеткері отыра қалдым. Сол мезетте бар ұққаным болашақ жарым  ата-анадан ерте жетім қалып, Жәрмеңке ауылындағы балалар үйінде тұрады екен. Тәрбиесі де, мінезі де келісті деп мақтауын асырып жатырды. Осылайша  үлкендердің ұйғарымымен уәделі күні мені ұзатып жіберді. Он жетімде тұңғыш ұлым жарық дүниеге келді. Алла көпсінбесін,  он үш құрсақ көтердім.

Екі ұлым сәби кезінде  шетінеп кетті.  Серігімнің қайтпас сапарға аттанғанына бірнеше жылдың жүзі болып қапты. Құдай қосқан қосағым Шайдолла өте жақсы адам еді. Тракторшы, кейін мекеменің шопыры болып жұмыс атқарды.  Адамдармен тез тіл табыса біледі, ортасына жұғымды еді. Біркелкі тірлік кештік. Даладағы шөпті жинап әкелеміз де үйді жылытамыз. Шөп таусылса, күлді үйеміз де  үстіне солярка құямыз. Күлдің отына үйді де жылытып, ас-суымызды дайындайтынбыз,- дейді сол кездерді еске ала отырып.

«Әзілдессең, атаңмен ойна» деген бар емес пе? Әңгіме арасында «медаліңізді кеудеңізге жарқыратып тағып қоймадыңыз ба?» дедім.  «Анда- санда тағып аламын, осыншама бала тудым деп кеуде керіп, мақтанғым келмейді. Медаль алу үшін, жеңілдігін пайдалану үшін тумадым. Көп балалы берекелі, күні ертең бір-біріне серік, қорған, жәрдемші болады деп тудық» деп бір күліп алды Ғайнижамал әжей. «Ұлың болсын он шақты, қызың болсын моншақты» деп дәл осы кейіпкерімізге арнап айтылғандай.  Құдай ұлды да, қызды да беріпті.  Бала тәрбиесіндегі ұстанымын,  ұл мен қыздың тәрбиесіндегі ерекшеліктері туралы сұрамасам  жөн болмас. «Көп балалы ана ретінде бала тәрбиесі хақында айтарлықтай тәжірибем,  көрген білгенім бар.  Әлбетте ұлды шаңырақтың тірегі, қамқоршы екенін жастайын ұқтырып, еңбекпен шыңдаған дұрыс. Қыз баласы табиғатынан нәзік келеді ғой. Оларға бар мейірімімізді төгіп, аялап, еркелетіп өсіру керекпіз. Десе де мен қай-қайсысын да еркілерінен тыс ауыр жұмысқа салып қойған жан  емеспін. Өйткені жастайымнан тірліктің ауыр қамытын кигесін бе, толыққанды мектепке барып, білім алуға мүмкіндігім болмағандықтан, балаларымның  көздері ашық, сауатты болса деген тілегім басым тұратын.  Әйтсе де қыздарым ақсаусақ емес, үй шаруасына ұқыпты,  ұлдарым түздің тірлігіне епті еді. Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымым  қандай жағдай орын алмасын, оларға дауыс көтеріп, соққыға жығып,  жүрегін жаралауға болмайды.  Осыны жас аналар ескеріп жүрсе екен»  деп қазыналы әжеміз білгенімен бөлісті.

rbt

Бүгінде әр жанұядағы бала саны үшеуден аспауы әбден мүмкін. Сөйте тұра  ойыншықтарын бөлісе алмай не  көзқарастары бір арнада тоғыспай араз болатынын жиі байқаймыз. Әжеміздің айтуынша  шаңырақта бала көбейсе татулық пен  ынтымақ берік орын алады, қазіргі жастардың ұрпақ өрбітуде немқұрайлық танытатындарына таңқаламын дейді ағына жарыла. «Үлкен дөңгелек үстеліміз болатын. Тамақтанатын уақытта  сол үстелді айналдыра  бәрі жайғасып отыра қалады. Әкелері екеуміз бөлменің бір бұрышына жайғасатынбыз. Ұл-қыздарымның  ренжіспей,  ілтипат көрсетіп, шәй суларын құйысып, тату отырғандарын көру біз үшін бір ғанибет еді. Сол жылдары жиырма теңгеге кино көрсететін еді. Балаларым рұқсатымызды алу үшін бір-бірімен келісіп,  үй-жайды реттеп, тиянақтап қояды. Қай істе болмасын  сөз таластырмай, көңілдеріне  қарап тұрады. Қазір де сол қалыптарынан айныған емес. Мінекейіңіз, татулықтың белгісі… Татулықтың да, басқа да жақсы қасиеттің бәрі қара шаңырағында көргенінен қалыптасады» дейді фотосуреттеріне емірене  қарап.

«Апау, жиырмаға жетпей отау құрдыңыз. Қыздарыңызды қанша жасында ұзаттыңыз? Келіндеріңізді өзіңіз таңдадыңыз ба?  -деп суыртпақтап, сыр тарттық.

— Қыздардың үлкені Зурам  жиырма жасында тұрмыс құрды. Сөйтіп,  Света, Раушан, Фаридам апаларының ізін жалғай кетті. Әрқайсысын жиырма мен жиырма екі жас аралығында ұзатыппын. Дариғам ғана екінші жартысын кезіктіре алмай жүр. Серік, Қанат, Жасқайрат, Қалқаман, Ықылас ұлдарымның таңдауларына бөгет болмадық. Өздері ұнатқан аруларын үйге жетектеп әкелді, біздер ақ батамызды бердік. Қарағым келіндерімді бір бірінен бөліп жармаймын. Апалап, қабағыма қарап, сырқаттанып қалсам шырылдап қасымнан шықпайды. Біз сияқты қарттықтың дәуреніне аяқ басқан жандар үшін одан артық не керегі бар дейсің. Күні кеше денсаулығым сыр беріп, ауруханаға қаралдым. Кіші келінім Нұргүлім медбике болып қызмет жасайды. Уақтылы ем-домын жасап аяғыма нық тұрғызды.  Ықыласымның  тұңғышы Гүлсезіміме қалайша риза болмасқа? Қаршадай қыз қарт әжесінің  жай-күйіне алаңдап, құнарлы тамақтануымды қадағалап, қатарға қосылуыма жәрдемдесті.  Бұл да тәрбиеден емес пе?!  Келіндеріммен кейде сырлас құрбыдай кеңесем, кейде кемшін кеткен тұстарын анасы ретінде жұмсақтық танытып,  жеткізуге тырысамын. Арамызда ешқандай бүгіп жатқан сыр жоқ, қарағым. Әлбеттте ене мен келін арасында қарым- қатынасында  шиеленіскен тұстар кезігуі мүмкін. Ондай кезде айтар ойды, талапты тұспалдап жеткізе білу керек. Бірақ келін мен ене арасындағы сыйластық үзілмеуі тиісті.

Ғайнижамал әжемізді білетіндер оның кереметтей қонақжайлығына таңқалыстарын жасырмайды. Әр кез дастарханы жайнап, самаурыны қайнап тұрады.

  • Дастархан басында жағыз отыра алмаймын. Тамағымнан ас өтпек түгілі, ас үйге келмеймін де. Көршілерімді қабырғаны соғып, шақырып аламын. Олар да менің шайға шақырғанымды бірден түсіне қояды. Ұл- келіндеріме, қыздарыма да келген мейманға тамағыңды емес, әуелі қабағыңды беріңдер деп айтудан кенде емеспін. Қонақжайлылық қазағымның дархан пейілі мен құрметінің белгісі.  Небір зұлмат кезеңдерді бастан өткерсек те бір үзім нанды бөліп жеген бабаның ұрпағымыз,-дейді кейіпкеріміз .

Иә, әжеміздің бақытын құдай көп көрмесін. Еселей түссін деп ниет еттік.  Әңгімемізді түйіндей келе «Апа-ау,  жүзге келіңіз» дедім. «Құдай маңдайға жазса көрерміз. Әйтсе де ойым салмақты, сөзім қуатты әдемі қалпымда өткім келеді. Ұл-қыздарым, артымдағы ұрпағым мені осы қалпымда естеріне сақтаса екен деймін» дейді нық сөйлей.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ