12.12.2019, 18:30
Қараулар: 591
БӨКЕЙЛІК БАЗАРБАЕВТАР ҮЗДІК САНАТЫНДА

БӨКЕЙЛІК БАЗАРБАЕВТАР ҮЗДІК САНАТЫНДА

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы туыстық, бауырмалдық, ізеттілік пен қайырқомдық қарым-қатынасты насихаттап, парасатты тұлғаны дамытуды мақсат тұтқан «Парасатты отбасы» байқауының облыстық кезеңі халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күнімен тұспа-тұс келді. Оның да өз мәнісі бар. Өйткені бұл байқау туыстықты қадір тұтып, адалдықты ту еткендердің додасы- тұғын. Міне, осындай дүбірлі додаға аудандық кезеңнен сүрінбей өткен Базарбаевтар әулеті ауданымыздың намысын қорғады.

 

Орал шаһарында өткен үлкен байқауға төрт баласымен барып, қатысқан  ұялылық Жақсылық пен Гүлжүзім Базарбаевтардың екеуі де Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің мұғалімдері. Сапалы білім, саналы тәрбие беруден жалықпайтын ерлі-зайыптылар қайырымдылық жасауда алда жүретіндердің қатарында,-дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жанаргүл Айғалиева.

Базарбаевтар отбасы мектеп қабырғасында өтетін түрлі қайырымдылық акцияларға қатысып, ауылдағы жалғызбасты қарияларға жәрдемдесуден тыс қалмайды. Мәселен, жақында ғана Жақсылық ауылдағы Мәнсия есімді жалғызілікті кейуанаға тегін отын апарып, оны шәкірттерімен  қорасына кіргізіп те берген. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет жасайтын отағасы осындай игі іске ұйытқы боп, шәкірттерін де қайырымдылыққа тәрбиелеуде. Өзі жаттықтыратын жас спортшылардың ірілі-ұсақты байқауларға тұрақты қатысуын қамтамасыз етіп, бала болашағына риясыз еңбек етуде.

Жиырмадан астам жанұя қатысып, отбасылық құндылықтар бағаланған додада тек тоғызы ғана үздіктер қатарынан табылған. Қорытындысында жерлестеріміз үздіктер сапынан көрініп, «Жомарт отбасы» аталымын иеленіп,бағалы сыйлықпен марапатталған.

Раушан АППАҚОВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар