26.12.2019, 15:11
Қараулар: 618
 «ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

 «ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

 «Екі жұлдыз» жобасы өз мәресіне жетті. Бас-аяғы алты жұп қатысқан ән сайысында  бас жүлдені  Бисен мәдениет үйінің көркемдік  жетекшісі Эльдар Құдабаев пен аудандық «Ер Төстік» балабақшасының тәрбиешісі Нұргүл Сүйінішева еншіледі.

Аталмыш жобаның финалдық кезеңінде қатысушылар  екі айналым бойынша  халық әндері мен Абайдың төл туындыларын және қазақ эстрадасының хит әндерін көрерменге паш етті. Мәселен, аудандық мәдениет үйінің сүйемелдеушісі Рамазан Бәйбеков пен ветеринарлық станцияның маманы Мөлдір Сатқановалар сахнада қазақтың дәстүрлерін ұлықтаса,  М.Мәметова мектебінің жанындағы жатақхана меңгерушісі Талап Құзырғалиев пен саз мектебінің оқытушысы Саида Әжіғалиевалардың дуэті Абайдың есті әні «Көзімнің қарасын»  сахналық қойылыммен әдемі үйлестіре білді. Жоба бастау алғаннан сайқындық тыңдармандардың жүрегіне жол тапқан Эльдар Құдабаев пен жұбы  Нұргүл Сүйінішева да  шешуші сәтке тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты.  Әсіресе, дауыс диапазонының кеңдігімен, ерекше харизмасымен көпті сүйсінткен күміс көмек бисендік жерлесімізге халықтың  қошеметі жоғары болды.

Әр жұптың вокалдық, актерлік қабілеттері, орындалған шығарма мен  сахналық көріністің  үндесуі, дуэт ретіндегі үйлесімділігін бағалау  т.б жобаның негізгі талаптарына сай қазылар алқасы кіл мықтыдан кім мықтыны  анықтауға тырысып бақты.  Залға жиылған қауым мен қазылардың дауыстары сараланып, бабы мен бағы қатар келген Эльдар мен Нүргүл  бас жүлденің иесі атанды.  Бірінші орынға Талап Құзырғалиев пен Саида Әжіғалиевалар лайық деп танылса, Рамазан Бәйбеков пен Мөлдір Сатқанованың жұбы екінші орыннан көрінді,  үздік үштікті  клуб қызметкері Миллат Насыров пен Бөкей ордасы колледжінің мұғалімі Жұлдыз Сәлімовалар түйіндеді.  М.Мәметова мектебінің көркемдік жетекшісі Шерхан Молдашев пен аудандық статистика басқармасының экономисті Шынар Ароновалардың жұбы  «Көрермен көзайымы» , мәдениет үйінің өнерпазы Құрмет Мусин мен аудандық «Ер Төстік» балабақшасының сүймелдеушісі Гүлсезім Бисенғалиевалар «Жарасымды жұп» аталымын иеленді.

Әсерлі ән, ырғақты би, мазмұнды көрініспен өрілген  жоба   ұйымдастырушылардың қайырымды ісімен де айшықталды. Санжар Нұрлан есімді екі жасар балақайдың емі үшін арнайы жәшік қойылып, музыкалық  доданың ұйымдастырушылары бастап,  қатысушылар  мен көзі қарақты көрермендер де  қостап ақшалай демеу жасады.

Арай МАРАТ