26.12.2019, 18:16
Қараулар: 257
ТҰРАҒЫМЫЗ – БҰЛ ЖАҚТА, ҚҰЛАҒЫМЫЗ – ЕЛ ЖАҚТА

ТҰРАҒЫМЫЗ – БҰЛ ЖАҚТА, ҚҰЛАҒЫМЫЗ – ЕЛ ЖАҚТА

 

  Әуелі қызмет бабымен, содан соң тұрмыс жағдайына орай елден шеткері жүрген біз секілді азаматтар үшін ел жақтан жеткен жайлы хабарлардың үлкен-кішісі жоқ, баршасы маңызды. Бір жақсысы, бұл күнде дамыған ақпараттық технологияның арқасында жақсы жаңалық атаулының барлығы  ұшқан құстың қанатына байлағаннан да тез жетеді. Әманда ел жаққа елеңдеп отыратын біздер, бұрынғы бөкейліктер болсақ, жақсылық хабарларға өз басымыз қуануымызбен бірге оларды, тура сүйінші сұрағандай, тезірек бір-бірімізге жеткізгенше асығамыз.

Ал енді өтіп бара жатқан жылы ел жақтан жеткен жақсы жаңалықтардың ерекше есте қалғаны жайына келсек, қуаныштысы, ондай жақсы жаңалықтар бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де, ел аузында да өте көп болды. Тұрағымыз бұл жақта болғанымен, құлағымыз ел жаққа қарап елеңдеп отырған біздер үшін солардың қай-қайсысы да сүйінішті еді. Десе де менің өз басым Өнеге – Бисен – Сайқын күре жолының құрылысы ыждағатты қолға алына бастағаны туралы хабарларды бөлекше атар едім. Білуімше, алыс аудан үшін айрықша маңызды бұл үлкен істің жобасы жасалып, қаражаты қаралып, мердігері белгіленіп дегендей, дайындық жұмыстары бір ыңғайланған секілді. Бұйыртса, алдағы тышқан жылының көктемі шыға салысымен жолшылардың дүбірлі жорығы дүр етіп өріс алып кетсе керек.

Елең еткізген екінші бір жаңалық – бөкейліктің ең шалғай ауылдарына дейін көгілдір отын құбырлары тартылып, табиғи газдың тұрмысқа енуі дер едім. «Көгілдір отын анау ауылға жетті!», «Анау ауыл табиғи газға қосылды!» деген секілді бұл жайындағы хабарларды да, бір кездері екпінді еңбек майданынан жеткен жеңісті жаңалықтардай, үзбей қадағалап отырдық. Ежелден тезек жинап, қи жағып, ең бір жетіскен жылдары көмір үрлеп күн кешкен ел-жұрттың кешігіп болса да өркениет үрдістеріне қол жеткізе бастағанына қатты қуандық.

Жалпы өткен жыл өзімнің отбасым үшін де айтулы кезең болды дер едім. Ақпан айының ортасына қарай жасым 80-ге толды. Мұның өзі мен үшін қоғамның қолыма берген әртүрлі қызметтерін атқара жүріп, осынша жылдар легінде тындырған үлкенді-кішілі істерімді түбегейлі қорытындылайтын межедей болды. Осыған орай отбасым, бала-шағам өзінше бір мерейтойлық шаралар ұйымдастырып, алыс-жақын дос-жарандардың, әріптес-қаламдастардың басын қосып, мерейтойлық кеш өткізді. Расын айтқанда, мерейтойды ел болып өткерердей, бүгінде мен, бұрынғыдай емес, қызмет тұтқасын ұстап келе жатқан ат үстіндегі азамат емеспін. Кәдімгі қатардағы зейнеткермін. Соған қарамастан мерейтой үстінде елден арнайы делегация келіп, облыстың сол кездегі әкімі А.Көлгіновтың, өзім көп жылдар бойы қызмет атқарған облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының арнайы құттықтауларын жеткізгені, облыстық «Орал өңірі» және Бөкей Ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газеттерінің арнайы мерейтойлық мақалалар жариялағаны, тойға іле-шала Бөкей Ордасы ауданының әкімі Н.Рахымжановтың Алматыға жолы түскен іссапарына орайластырып, туған жерімнің ыстық ықыласты құттықтауын жеткізгені – осының барлығы менің ақсақалдық мерейімді әбден тасытқанын атап айтым келеді.

Қалай айтқанда да, өткен жыл ел үшін де, әр отбасы үшін де үлкенді-кішілі табысты жыл болды. Лайым, осы табысты жол келе жатқан жаңа жылға да жұғысты болғай. Ел ырысты болғай. Еңбектері жемісті болғай, тұрмыстары келісті болғай. Ел азаматтарының абыройы әрдайым биік болғай.

Ел жақтан келетін жақсы хабарлар көп болғай.

 

Ғарифолла КӨШЕНОВ,

Қазақстан Республикасының

еңбек сіңірген қызметкері.

 

Алматы қаласы.