30.10.2020, 10:19
Қараулар: 185
АРДАГЕР ТІЛШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

АРДАГЕР ТІЛШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазыналы қариялар күнінде аудандық «Орда жұлдызы» газетінің шығармашылық ұжымы  жергілікті баспасөз саласында ұзақ жылдар аянбай тер төккен аға буын өкілдеріне, яғни  ардагер журналист Амантай Хамзин мен Каримолла Ғайсиннің шаңырақтарына арнайы бас сұғып, мерекелік лебіздерін жеткізіп, сый-сыяпаттарын табыстады.

Ұлпан Жакина, «Орда жұлдызы» газетінің директор-редакторы:

— «Орда жұлдызының» өзінің айтары бар, бет-бейнесін айқындаған газетке айналып, халықтың үнін тыңдап, қоғамдағы келелі мәселелерге бет бұруына өздеріңіздің де еңбектеріңіз зор. Зейнеткерлікке шықсаңыздар да жұмысымыздың аяқ-алысын бағамдап, орынды пікірлеріңізбен демеп келесіздер, -дей келе ақсақалдарға амандық тіледі.

Өз кезегінде қос қария да аудан үнжариясының бүгінгі тыныс-тірлігіне жоғары бағасын беріп, оқырманның үдесінен шыға берулеріне тілектестіктерін білдірді.

Халықаралық қариялар күнінде  аудандық мекемелер мен ауылдық округтегі  әкімдік қызметкерлері  де түрлі салада еселі еңбек еткен  ақсақалдар мен ақжаулықты әжелердің үйлеріне мерекемен құттықтай барса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұжымы,  аудандық демалыс орталығының бірқатар мәдениет қызметкерлері де  өңірдің мәдени әлеуетінің дамуына үлес қосқан  ардагерлеге ізгі тілектерін жеткізуді ұмыт қалдырмады.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА