30.10.2020, 10:40
Қараулар: 231
ТАЛАНТЫҢА СЕН, ТАЛАПТЫМ!

ТАЛАНТЫҢА СЕН, ТАЛАПТЫМ!

Өздеріңізге мәлім, мәжілістің пленарлық отырысында фонограммамен ән айтуға шектеу қоятын  заң қабылданған болатын. Президент қол қойған соң  заңды күшіне еніп, ән әлемінде біраз өзгерістер орын алатын секілді. Мәселен,  ендігіде әншілер қауымы әнді тек  жанды дауыста шырқауы шарт. Егер концерттік бағдарламасында «плюс» қосылып, фонограммаға сүйенер болса алдын ала ескертіп, халықты құлағдар етуі керек екен. Сондай-ақ, әншінің сахнадағы әдебі, этикасы, киім киісі де қатаң қадағаланбақ. Ішімдікке сылқия тойып алып сахнаға шыққандарға Әкімшілік кодекске сай жазалау тәжірибесі де қолданысқа енбекші. Ал, заңның орындалуын өңірлерде құрылатын көркемдік кеңес мүшелері реттейді делінген.

 Аталмыш жаңалықты жергілікті өнерпаздар қалай қабылдайды? Олардың «плюстің» көмегіне жүгінулеріне не себеп? Аудандық мәдениет үйіндегі музыкалық құрылғылар  мен залдың акустикасы әншінің тірі дауыста ән айтуына қаншалықты лайықталған? Осы сауалдарымызды тиісті сала өкілдеріне, әншілердің өздеріне  де қойып көрдік….

Несіне жасырайық, бұған дейін фонограммаға тыйым салу мәселесі талай айтылып та, жазылып та әбден жауыр болған тақырып еді. Тумасынан әдемі дауыс иелері аталмыш жаңашылдықтарды зор қуанышпен  қабыл алары хақ. Қайткенмен, жүгенсіз кеткен әншілер қауымын тірі дауыста ән шырқауына міндеттеудің оңтайлы жолы  осы болса керек-ті.

Жоламан Сисенғалиев, аудандық мәдениет,тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы:

— Мәдениет үйінің сахнасы, акустикасы жанды дауыста ән айтуға әбден лайықталған. Музыкалық құрылғыларды да сапасыз деуге келмейді.  Жергілікті өнерпаздарымыздың әр концерттік бағдарламаны «плюстің» көмегіне сүйенбей-ақ, өз даусымен шырқауына мүмкіндіктер молынан. Кей сахналас әріптестерімнің фонограмманың көмегіне жүгінудің өз себептері бар. Мәселен, жаңа әнді жаттап, музыкасын жаздырып, өңдеу үшін бір айдай уақыт қажет. Қысылтаяң уақытта  ән айтуға тыңғылықты дайындық жетіспегесін «плюсін» жаздыруға тура келіп жатады. Алайда, уақыт тапшы екен деп фонограммаға әбден сүйенуге тағы болмайды. «Шын талантқа тұсау жоқ» демекші, нағыз әнші әр кез бабында жүреді деп ойлаймын. Жалпы бұл мәселенің ел көлемінде талқыланып келе жатқанына бірталай жыл болды ғой. Республикаға танымал әншілер де әннің музыкасын қосып қойып, аузын жыбырлатып тыңдармандарының  сынына ілігіп жүр. Өз басым Рауан Қажғалиев, Рамазан Байбековтей тек тірі дауыста ән салуға құштар жастардың өнерін сыйлаймын.

Самал Рахымжанова, аудандық саз мектебінің оқытушысы, әнші:

— Фонограмма — жанды дауыста айтқандай тыңдаушыға ләззат сыйлай алмайды. Әнші тыңдаушысын, көрерменін құрметтеуі тиіс. Сондықтан аталмыш заңдағы өзгерістер нағыз талант иелерінің жолын ашып, әншілік өнердің бәсін биіктетеді деп сенемін. «Плюс» жаздырып алып, әр концерт сайын аузын жыбырлатып шығатын әншілердің әрекетін құптамаймын. Кейде бұрын-соңды мүлдем орындамаған шығарманы сахнаға алып шығуға тура келгенде мамандардың көмегіне жүгінетініміз рас. Шын әнші бойындағы қабілетін жетілдіріп, үздіксіз дамуға, ізденуге ұмтылуы тиіс. Қазір ғаламторда дауысты қалыпқа келтіру, дауысты күту т.б техникалардан көз сүрінеді. Әншілікті жауапкершілігі жоқ, жеңіл-желпі мамандыққа теңеуге болмайды.  Сондай-ақ, әншілердің киім-киісі де, сахналық мәдениеті де назардан тыс қалмауы тиіс. Кезінде ұстаздарымыз «Сахналық образдарыңыз репертуарыңызбен үндесуі керек, киім кигенде тыс қысқа, шолтиған етектен аулақ болғайсыздар» деп үйрететін. Қайткенмен, әнші – көрерменін эстетикалық сұлулығымен, талғампаздығымен, жоғары мәдениетімен тәрбиелейді емес пе?!

Рауан Қажғалиев, әнші:

-«Ән айт, ән айтсаң жаныңды жеп айт» дегенді ұстанамын. Мен ән шырқағанда басқа әлемге еніп кеткендей күй кешемін. Ешқашан фонограмманың көмегіне жүгінген емеспін. Концерттерде  тек тірі дауыста шырқаймын. Тіпті, той-томалақтарда да өз даусыммен рахаттана тұрып ән саламын. «Плюсті» қосып қойып, емін-еркін қимылдап, өзі айтып тұрғандай кейіп таныту дұрыс емес. Бұны әріптестеріме де жиі айтамын. Аудандық мәдениет үйінің акустикасы керемет, жанды дауыста ән айтуға әбден лайықталған. Даусымның өлшемі 4 октава болған соң клубта микрофонның көмегінсіз  ән орындай алатындай шамам бар.  Даусымның күтіміне мән беремін, мұздай әрі газдалған су ішпеуге тырысамын, ара-тұра шикі тұқым ішіп, баптаймын. Әнші үшін бұл өте маңызды.

Ермек Жәрдемов, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, музыка әрлеуші:

-Өкінішке қарай, фонограммамен ән айту үрдісі бізде де жиі орын алып жүр. Әсіресе, жастарымыз «плюс» жазудан алдарына жан салмайды.  Әлбетте, денсаулық жағдайына байланысты немесе дайындыққа уақыт жетпей, әннің  сөздерін жаттауға уақыт тапшы болған кезде фонограммаға жүгінулері түсінікті. Далалық сахналарда, ғимараттан тыс өтетін шараларда фонограмманы қолдануларын құптаймын және оны да шебер меңгеріп алулары керек. Кейде әннен қалып қойып немесе әннің мәтінін дұрыс жаттамай ыңғайсыз жағдайларға тап болып жатады. Даусы айтарлықтай болмаса да өңдеп, құбылтып, әп-әсем дауыс иесін жасап шығаруға қазіргі техниканың күші жетеді.

Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, Түрікменстан елдерінде фонограмманы қолдануға әу баста тыйым салынса, АҚШ  сахнасында «плюс»-пен ән айтқандар алаяқ саналып, заңмен қудаланады екен. Фонограммаға қатысты нақты талаптар біздің елде де күшіне енсе өнер саласында біраз ілкімді өзгерістердің орын алары хақ. Бастысы, шын өнерлінің жұлдызы жарқырап, есті әншілердің қатары толыға түссе болғаны…

Арайлым ЕСМАҒҰЛ