9.05.2015, 7:37
Қараулар: 337
Абдолланың бейнесі АСҚАҚТАЙ БЕРМЕК

Абдолланың бейнесі АСҚАҚТАЙ БЕРМЕК

mfjvHN5K2tM


Сырым ауданында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өткізілді.


Аудандық мәдениет үйінде алдымен республикалық «Арыс» баспасынан жарық көрген Абдолла туралы жаңа кітаптың та-ныстырылымы болды. Бұл — 1985 жылы Әбу Сәрсенбаевтың құрастыруымен шыққан «Өлмес өмір дастаны» атты жинақтың екінші басылымы. Бес тараудан тұратын кітапқа ақынның өлеңдері мен дастандары, аудармалары, замандастарының естеліктері топтастырылды.

Бұдан кейін «Өшпес өмір, өлмес жыр» атты облыстық ғылыми тәжірибелік конференцияда аудан әкімі Абат Шыныбеков, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осынау шараның Абдолла атын танытып, жас ұрпақ жадында жаңғыртуда маңызы зор екендігін атап көрсетті. Абдолла Жұмағалиев туралы тележурналист Мұнайдар Балмолда түсірген деректі фильм ел назарына ұсынылды.

Жиында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, әдебиетші-ғалым, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, филология ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Зейнолла Мүтитегі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО бөлімшесінің төрағасы Болат Жексенғалиев Абдолла Жұмағалиевтің шығармашылығы мен қаһармандық ерлігі туралы тебірене сөз қозғады.

Ақын ұрпақтары атынан Екібастұз қаласынан келген А. Жұмағалиевтің інісі Шайдолла Жұмағалиев шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.

Конференция аудан өнерпаздары қойған театрландырылған көрініс пен концертке, одан кейін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен А. Жұмағалиевтің 100 жылдығына арналған ашық әскери-патриоттық фестивальдің жабылу салтанатына ұласты.

Келесі күні ақынның туған жері Жосалыда жалғасқан мерейтойлық шаралар аясында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғысқа осы ауылдан қатысып, елге аман оралған майдангерлерге арналған ескерткіш тақта ашылды. Жосалыдан майданға 350-ге жуық ер-азамат аттанса, соның 90-ға жуығы ғана тірі қайтты. Соғыстан қайтпаған 246 арыстың аты-жөні бұдан бұрын тасқа қашалып жазылған болатын. Енді ұрпақтары елге оралып, бейбіт кезеңде еңбек еткен майдангерлер бейнелеріне де тағзым ететін болады.

А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінде салтанатты рәсім қаһарман ақын мүсінін ашумен басталды. Демеушілер мен ауыл халқының қаржысына орнатылған бұл ескерткіштің авторы — оралдық мүсінші Дмитрий Баймұқашев. Сондай-ақ мектеп мұражайы да жаңғыртылып, қайта ашылды. Мұнда Абдолла Жұмағалиев қана емес, басқа да майдангерлер, елдің қадірлі адамдары, ауыл тарихы туралы құнды жәдігерлер қойылған.

Шара бәйгетөбеде өткен дала қызықтарына жалғасты. Көршілес аудандардың да сәйгүліктері шет қалмаған аламан бәйгеде Шыңғырлау ауданы Қарағаш ауылынан келген Нұралы Досжановтың аты озса, тоқ бәйгеде Сырымның Көздіғара елді мекенінен қосылған Серік Мүтиевтің арғымағы бірінші келді. Палуандар күресінде жосалылық Айбек Ғабдешев жеңіс тұғырына көтерілсе, «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық сайыстарына қатысып жүрген Еділ Үсенов екінші орынды еншіледі. Ауыл өнерпаздары қойған концерт, көкпар да көпшілік көңілінен шықты.

Аудан әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығына арналған мәдени-спорттық шаралар жыл бойы жалғасады. Алдағы тұрған мақсат-міндеттің бірі — Абдолла ерлікпен қаза тапқан жерді анықтау. Сондай-ақ Орал қаласындағы орталық көшелердің біріне қаһарман ақын есімін беру мәселесі де сөз болды. Демек, небәрі 27 жасында жалғыз өзі жауды тосып, батырлықпен қаза тапқан Абдолланың асқақ  бейнесі ел жадында ұдайы жаңғыра бермек.

Ғайса БӘЙМЕН


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар