17.02.2016, 11:43
Қараулар: 358
Біз көрген Мұқағали

Біз көрген Мұқағали

Қазақ поэзиясының хас шебері, арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың жолы Орал өңіріне кезінде екі рет түскен еді…

Мұқағали – XX ғасырдың «Ғасыр ақыны» боп танылған поэзия пайғамбары, адуын ақындардың бірегейі. Оқыған сайын терең иіріміне тарта беретін сағыныш сазы мен көңіл назы тұнған өлеңдері жабықсаң – жұбаныш, сырласа білсең − досың, жанып тұрар шамшырағың.

Мен жырламаймын,

Сырласамын.

Сыры бар замандаспен мұңдасамын, − дейтін ақынның жалынды жырлары өміршеңдігін жоймай, әлі күнге халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Жырым, сырым − екеуі егіздерім,

Екеуін екі бөлек емізбедім.

Жатсам-тұрсам мұң шағып дәптеріме,

Жабырқаған жаныма ем іздедім.

Ақын серігі – поэзия, қаруы – қалам болса, жырсүйер қауымның сырласы – отты өлеңдер. «Ғажап даналықтың бір көзі – Мұқағали поэзиясы» деп баға беріпті кезінде абыз ақын Әбділда Тәжібаев. Осы пікірдің дәлелі ретінде мына өлеңін оқып көрейікші:

…Жоғалтқан жандай болып бірдемесін,

Кей кезде сен бір ғажап түрге енесің.

Басыңды биік ұста, бауырым менің,

Біреулер есеңгіреп жүр демесін!

 

Қапыда жоғалтқандай бар асылын,

Неге сен мұңаясың, қарашығым?

Арасында қазақтың баласының,

Бар шығар сенің де бір жанашырың.

Пенде, пендешілік бар жерде кім-кімнің де аяқтан шалып, тобықтан қағатын «достарының» болуы – өмір заңдылығы. Не десек те, күйзелген шақтарында да жан ашуын жырынан алатын жаны нәзік, жүрегі пәк, сәбидей аңғал, өмірге шексіз құштар періште көңіл ақын бейнесі әрқашан асқақ қалпында қалды. Ол ешуақытта аласармақ емес. Ал, жырлары жылдан-жылға жаңғырып, ұрпақ жадында жатталып келеді. Ақын өзі күнделігінде былай дейді: «Ей, безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам. Мен – XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да».

Не деген көрегендік!

Иә, Мұқағали жырларымен жалпақ жұрт таныс. Ал, оның көзін көргендер қатары азайып барады. Айтпақшы, сол Мұқаңның – Мұқағали Мақатаевтың табаны Орал қаласының тас көшесіне де тиген. Оған ақын ағамыз Айтқали Нәріковтің төмендегі мақаласы куә. Бөкейордалық оқырмандар да осынау жайды біле жүрсін деген ниетпен (әрине, автордың келісімімен) оны көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

 

1968 жылдың жайсаң жазы. Алматыдан  Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Мұқағали Мақатаев келіп, бірден Жымпиты (қазіргі Сырым), Қаратөбе аудандары бағытына жүріп кетті. Оларға Оралдан жас ақын Жанғали Набиуллин қосылды. Екі-үш күннен кейін кері оралды. Мұқағали ақын Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарында (қазір Мұхит ауылы аталады) тосыннан ауырып қалып, шұғыл түрде облыс орталығына жеткізіліп, ұшақпен Алматыға аттанып кетіпті.

Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарының тұрғындары ақындарды зор қошаметпен қарсы алса керек. Оралдан ән оздырған Мұхит Мерәліұлының жерлестері осал болсын ба, ән мен жыр кезек әуелеп, аса бір әсерлі сауық-сайран салтанат құрған сыңайлы. Арқаланып кеткен ақындар жарыса жыр оқып,жұрт көңілінен шығыпты. Мұқағали ақын табан астынан өлең шығарып, клубтағы кеште дикторға тән дауысымен саңқылдап оқып берсе керек.

Ақбақай деген көл екен,

Аймағы тегіс гүл екен.

Аймалап атамекенін,

Қызғыштар қорып жүр екен.

Саралжын жері дүр екен,

Саралтындардың бірі екен.

Салаттары мүлде ірі екен,

Азаматтары да ірі екен.

Махамбет пенен Мұхиттар,

Тірі екен, әлі тірі екен!

Дастархан басындағы отырыстарда кеңшар директоры арқалы әнші Ғаппар Кереев Мұхит бабасының әндерін шырқайды. Тумысынан сері Хамит ақын да домбыраны безілдетіп, Мұхит пен Бала Ораздың әндерін асқақтатады. Жастары Мұқағали ақынмен құралыптас Қаршыға Бүркітов пен Амантай Сүлейменовтің қонақ күту мәдениеті, ойлы да тапқыр сөздері, еңгезердей дене бітімдері  сезімі сергек ақынды тәнті етеді. «Мені Алматыдағы ақын-жазушылар арасындағы ең тұлғалысы дейді. Сендер менен де ірі екенсіңдер» деп Мұқағали ақын қос құрбысын құшағына алыпты.

Қазір Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын оқып отырғанымда, сол сапар әсерлерінен туған шумақтарды кездестіріп қаламын.

1972 жыл. Арада төрт жылдай өтті. Ол кезде облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясы қаланың әрбір тұрғынына жете таныс, сыртқы бейнесі шөгіп жатқан әйдік нарға ұқсас патша заманында қызыл кірпіштен салынған үйде болатын. Қазір мұнда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми – әмбебап кітапхана орналасқан.

Иә, содан, жұмысқа ертелеу келіп, мәдениет бөлімінің есігін айқара ашып тастап, баспахана бояуының иісі әлі кетіп үлгермеген газетті оқуға кірістім. Қызметкерлер енді-енді келе бастайды. Дәліздің бойымен тақтай еденді сықырлата басып, салмағы әжептәуір ауыр адам келе жатты. Біздің арамызда жоқ кісі, кім де болса. Есігі ашық тұрған біздің кабинетке бір ірі тұлғалы адам кірді. Мойылдай қара шашы кейін қайырылған. Бидай өңді, толық бетті келісті кісі екен. Мезгіл күз болса да, костюмшең, плащы жоқ үстінде. Нұсқаған орындыққа жайғасып, байыпты сәлемдесті. Бір жерде көрген адамым сияқты, бірақ, есіме түсіре алар емеспін. Ол кісінің өзі бірінші болып қолын созды.

– Мұқағали Мақатаев деген ағаңыз боламын, – деді ашық дауыспен.

– Иә, иә, кешіріңіз, ағасы. Алғашқыда тани алмай қалдым, − деп қалбалақтап жатырмын.

Ол кез Мұқағали ақынның елге кәдімгідей танылған тұсы болатын. Баспасөз беттерінде жарияланған өлеңдерін, сәл кейінірек шыққан «Қарлығашым, келдің бе?», «Аққулар ұйықтағанда», тағы басқа кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқитын еді. Сырттай сыйлайтын ақыным алдымда отыр. Ол кезде менің «Көк майса» атты тұңғыш кітабым жарық  көрген болатын. Мұқағали  ақынның көзіне қырғыштың қырындай ғана кітапша қайдан түсе қойсын?

Содан сағат тоғызға таман қызметкерлер жиналып қалды. Газеттің жауапты хатшысы  Ғарифолла Көшенов Мұқағали ақынды Алматыда оқыған жылдарынан біледі екен. Жазушылар одағының кеңесшісі ақын Жанғали Набиуллин келді. Әнгімелері жарасты. Ғарекең алматылық қонаққа дәм татқызуды ойластырып, маған тапсырмалар бере бастады .

Ешқайсыңыздың үйлеріңізге бармаймын. Келіндер  қызметте болар, мазаламаңдар  оларды. Бүгін жүремін Алматыға, − деді ниетімізді ерін емеурінен түсінген ақын аға. Сонда да біз кеткенше қонақпен бірге болуға ұйғарым жасадық. Ол кезде Москва-Алматы пойызы Оралға күндізгі сағат үштің шамасында келетін.

Айтқали НӘРІКОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
Орал қаласы.