19.05.2016, 15:34
Қараулар: 366
Болмыс пен тұрмыс

Болмыс пен тұрмыс

г-33915 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында өткен «Отбасы – Отанымыздың тірегі» атты «дөңгелек үстелде» мәні терең көп мәселе қозғалды. Енді соны ой таразысынан өткізсек…

 

Ұлттық құндылық

«Сонау соғыс жылдарында бір бөлмеде бірнеше отбасы тұрдық. Шаңырақтың төрт бұрышын ұйықтар кезде пайдаланғанымызбен, ортақ дастарханнан ас ішіп, ынтымағымыз жараса тірлік кештік»,-деп басталатын үлкендердің әңгімесін талай естігенбіз. Бұл керемет татулықтың үлгісі болса, соғыс жылдары  өздері ашқұрсақ жүрсе де өзге ұлттың өкілдерін паналатқан қазақ халқының кеңпейілділігін кім  білмейді. Ата-әже, бала, немеремен жалғасқан сыйласымдылық, татулық, тектілік… Қазіргі уақытта осы бір сөздердің мәні төмендеп бара жатқандай. Өзге түгілі, бір туған бауырлар мал-мүлікке таласып, соттасып жүргендері қаншама?! Көрмейін десең, көзің бар…

 

«Қызым үйде, қылығы түзде»

Бұрын отбасында қызға тәрбие қатаң сияқты еді. «Ұят болады» деген сөз санаға мықтап сіңірілетін. Ағаның алдынан кесіп өту былай тұрсын, ол барған жерге қаракөздер бармайтын. Ал, әкенің рөлі тіптен  биік-ті.  Асыл аналар отағасының орнын көтеріп отыратын. Сол бір тәлімді тәрбиенің нәтижесінде отбасында  ар сақталып, қыздар бойынан иба, әдеп жойылмаған.

Қазір бесіктен белі шықпай жатып ана атанғандарға таңданбайтын  болдық. Керісінше, жаңа жарық дүние есігін ашқан шақалақты дәретханаларға «лақтырып» кетіп жатқан «көкек» аналар қатары көбейді. Сұмдық! Елді шулатқан осынау көріністен өзгесі  сабақ алса, кәне?! Қайта  жантүршіктірер нәрселер тап бір қолдан шыққандай қайталанып жатқаны шошытады.  Жүкті болып, нәрестесін жетімдер үйіне  тапсырып жүргендер нешік. Тастанды бала ол жерде қандай қиын, азапты өмір кешеді десеңізші?! Туған анасы қажетсінбегесін өзгелердің де оң қабақ танытпасы анық. Ең болмағанда өз күнәсі үшін  іштей Алладан кешірім сұрап, таяқтың ұшы басына тиер сөзден қашып жүрсе қайтеді? Ал, мұхит асып кетіп жатқан сәбилердің жүрегіндегі қасіретті кім жаза алады?

«Алтын алқа» не үшін?

Үбірлі-шүбірлі болып отбасында берекесі тасып отыратындардың дені қазақ ұлтынан. Тобырмен алысқан Абай заманы кезінде  де тоқалы бәйбішесін құрметтеп, туған сәбиін оның бауырына салған. Балаларының ортасында мәртебесі тасып отыратын ата-аналарды көру бір ғанибет. Үлкенді кіші, кішіні үлкен сыйлаcа, ол отбасының мерейі қашанда үстем болары хақ. Ал, сәбилі болу бақыты бұйырмағандар балалар үйінен нәресте алып, тас емшектерін жібітіп жатқанына көңіл қуанады. Ондай үлгі тұтар отбасылар біздің ауданда да жетерлік.

Осы аталмыш жиында Сайқын ауылдық округінің әкімі Бисенбек Насимоллин «Алтын алқа» иелерінің кө-ө-өп бала тапқан «батырлығын» алға тартып, баспана  немесе үй жөндеу жұмыстарына көмек сұрап келетінін езуге кермек күлкі үйіріп отырып айтты. «Балаларыңыз неге сізге көмек қолын созбайды?»-деген әкім сауалына олар: «Қолдары тимейді ғой» дегенді желеу ететін көрінеді.  Бұл не? Өсіп-өніп алған соң ата-ананың қажеті болмағаны ма?! Әлде, кезінде соншама баланы жарық дүниеге әкелгенімен, олардың тал бесіктен тәлімді тәрбие алуына мән берілмеуінің жемісі ме? Бұл да ойланарлық жәйт. Кейде балалары да аналарының «Батырлығын» алға тартып, көмек сұраудан арланбайды. Бисенбек Жамбылұлының мәліметіне үңілсек, 2015 жылы 29 жас отау құрса, сол жылы 12 шаңырақтың шырқы бұзылған. Биылғы жылдың өзінде 10 жанұя қатарға қосылса, жерлестер арасында 3 отбасы ажырасып тынған.

 

Қариясы бардың – қазынасы бар

Бала кезімізде  таныс адамдардың үйінде екі әжей отырушы еді. Үй ішіндегілер оларды бөле-жармай жақсы көретін. Балалар да еркелеп жататын. Немерелерін де қос кемпір бірге өсіріп бақты. Бірінің өңі қараторы болса, енді бірі ақсары тұғын. Сіз, біз десіп сыйласып жүретін жандарға көңіл елжірейтін. Кейін білгеніміз, ақсары өңдісі сол шаңырақтың аналары болса, қараторы әже ет-жақынынан ерте айрылған, қосағы соғыстан оралмаған бұл отбасына бөгде адам екен. Бірақ, кезінде колхозда бірге жұмыс істеп, туғандай болып, біте қайнасып кеткен. Ол кісі о дүниелік болғанда туыстық сезіммен жылап-еңіреп, әрулеп қойғаны да есімізде…

Бүгінде бір шаңыраққа симай жүрген ене мен келінді, болмашыға бола бет жыртысып жататын туғансымақтарды көргенде еріксіз ойланып қаламын. Ұл-қызының шаңырағынан қуықтай бұрыш бұйырмай, қариялар үйін паналап жүрген үлкендеріміз қаншама?! Бұл қазаққа жат құбылыс десек те, сол «жатақхананың» төрт бұрышына телміріп, ұрпағын күткен жаутаңкөз жандар қатары азаяр емес. Бұрынғылар «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» демеуші ме еді. Солар адамнан болмағанымен, Құдайдан қорықса нетті.

Түйін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылғы «Нұрлы жол ­– болашаққа бастар жол» атты  Қазақстан халқына Жолдауында: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол – отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты»,- деген болатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Отбасы – Отанымыздың тірегі» атты негізгі ұйытқысы Сайқын ауылдық округі әкімдігі болған  «дөңгелек үстелде» аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова, құдағайларымен тату-тәтті өмір сүріп отырған Надежда Әменова, аудан имамы Назымбек Иманғалиев, білім бөлімі қызметкерлері, жастар қоғамдық бірлестігі өкілдері және жас отбасы иелері де маңызды басқосудың қонағы болып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Достықтар шық-тамшыда тұнып қалған,

Қастықтар – қураған бас күліп қалған.

Адамдық – армандарда, ал, мейірім,

Мейірім топыраққа сіңіп қалған,- демекші, бір-бірімізге мейіріміміз жойылмасын, сыйластығымыз сарқылмасын! Қысқасы, бұл «дөңгелек үстелден» көңілге түйгендерімізді біз осылайша сараладық. Көпірме көп сөзді жиындардан осындай басқосулардың тағылымды тәрбиесі мол-ау.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.