5.10.2016, 16:07
Қараулар: 435
М-С.Бабажанов: «Ішкі Орда халқы Бөкей ханға алғыс айтуға міндетті»

М-С.Бабажанов: «Ішкі Орда халқы Бөкей ханға алғыс айтуға міндетті»

(Соңы. Басы өткен санда).

 

Айта кетелік, Шоқамен бірге озық ойлы орыс көпесі Владимир Кобяков Бөкейдің аудармашы-тілмаштары болып жұмыс жасаған. Орыс тіліндегі жазу-сызу мен іс-қағаздарының барлығын осы екі кісі жүргізеді. Ауызша сақталған әңгімелерге сүйенсек, Владимир Кобяковтың Мәскеуде тамыр-таныстары да көп болған. Патшаға жолықтыруда сол Владимирдің таныстары қол ұшын берген деседі. Бұл да қисыны келетін әңгіме. Жасыратын несі бар, сонау қазақ даласынан атпен, түйемен керуен тартып барған Бөкейді бірден құшақ жайып, қарсы алатындар табыла қоя ма? Владимирдің тамыр-таныстығы осындай шаруада да үлкен септігін тигізсе керек. Бөкей сұлтан жирен жорғаға жегілген күйме арбасымен барып, Мәскеудің төріне шалжайып жата кетпесі анық. Осындай тіршілікте де Владимир мен Шоқаның өздеріне қаратып алған ұлықтары аз болмапты дегенді қариялар кейінгілердің құлағына жеткізіп отырыпты. Ол кезде Қазақстанның Мәскеуде қазіргідей елшілігі жоқ. Сонымен, айтайық деп отырғанымыз, Бөкей сұлтан Еділ-Жайық арасына халқын қоныстандырғанында Владимир Кобяковты да қазақ ауылдарымен қоңсы қондырып, Сурхан өзенінің бойына орыс деревнясы жайғасады. Владимир Кобяков көпес дәрежесіне жетіп, атақты балықшылар ауылы қалыптасады, кейін ол елді мекен Кобяков селосы болып аталады. Қазір Дәулеткерей ауылы делінеді. Неге? Нақты құжаттық дерек жоқ. Бұл тұспал ғана: 1815-1823 жылдарда мұрагер Жәңгір жас болғандықтан хан тағына Бөкейдің інісі Шығай отырғаны құжаттарда сақталған. Бөкейдің хан ордасы өзінің таңдап алған қонысы Қиғаш өзенінің бойындағы Кіші Арал ауылында болады. Өзі де бақилық сапарға аттанарда, қалдырған аманаты бойынша сол маңдағы Сейіт баба әулие қорымына жерленеді. Ал, Шығай сұлтан енді хан ордасын Владимир Кобяковтың ауылына таяу Ақтөбе аралына (қазірде Айдархан есімді әулиесі бар Кетенің Ақтөбесі аталатын жер) жайғастырады. Шығайдың хан ордасы осында болды деген есеппен Владимир Кобяковты Дәулеткерей ауылы деп атап отыр. Бұл – таза тарихи шындыққа қиянат. Дәулеткерейдің 27 жасқа дейін Бөкей ұлы есімімен жүргенін, 1852 жылы Ноғай (Қалмақ) уезіне басқарушы болғанын жоғарыда атадық. Бұл уез қазірде Азғыр өңірі аталады. 1952 жылдан бастап Құрманғазы ауданына қаратылды. Дәулеткерейдің ел басқарған қонысы осы жер. Батысында өзі талай мәрте болған Боғда тауы тұр. Оның шығыс жағына қоныстанған Жалғызапан ауылына, ондағы Лабай орта мектебіне Дәулеткерейдің есімін берген жөн еді.

Қысқасы, біз Бөкей хан жайлы тек өзіміз білетін деректер төңірегінде сөз қозғадық. Бұл тақырыпты толықтырып, жазып жүрген қаламгерлер бар. Тек басын ашып айтар ақиқат – Бөкей ханның барлық ел басқару жұмыстары қазіргі Исатай, Құрманғазы аудандарының жерінде өткендігі. Ол 1801 жылы 5000 тұрғынымен Жайықтың оң жақ бетіне көшіп шыққанда, алғаш қадам басқан жері – Исатай ауданындағы Қамысқала атанған түбек екен. Біз оны 1960 жылдарда көнекөз қариялардың ауыздарынан талай тыңдадық, жазып алдық. Олар уағдаласып қойған адамдар сияқты бірінің айтқандарын екіншісі қайталайтын. Бұл шындық бұрмалауға келмесе керек. Ол кезде қос өзен аралығында судың көптігі сондай, Жайық өте жалпақ болып жатады екен. Бала-шағаны, дүние-мүлікті желкенді үлкен кемелерге тиеп, судың бойымен осы Қамысқалаға (қазір Хамит Ерғалиев ауылы) жеткізіп, қара жерге шығарып отырған. Малды Жайықтың жоғары тұсынан өткізіп алған. Бөкейдің алғашқы ауданының орталығы Аққыстау кентінің терістігіндегі Жалтыр көлдің батыс шеті болған. Ол жайында біз кезінде деректер келтіріп жазған едік. Бірақ, ол жерде Бөкейдің ордасы 6-7 жылдай болады да, жоғарыда көрсетілген 1806 жылы Бірінші Александр патшаның жарлығы шыққаннан кейін Қиғаш өзенінің бойындағы Кіші Арал қонысына келіп орналасады. 1815 жылы Бөкей қайтыс болғанға дейін Хан ордасы осында болады, одан кейін Шығай хан орданы Ақтөбеге көшіріп алғанын жоғарыда әңгімеледік. Сөйтіп, Бөкейдің 1801-1815 жылдарда ел басқарған қызметі, өмірі қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданының жерінде өтеді. Ал, бұл ауданда Бөкейге арналған ешқандай ескерткіш белгі жоқ, есімін еншілеп жатырған ауыл-селолар да жоқ, Бөкейдің есімі де ауызға алынбайды.

…Бүгінде Сейіт баба қорымында Бөкей бейіті тұр, киіз үй үлгісіндегі темір шілтерлі шаңырақты күмбез. Ал, Қошалақ жайлауының терістігіндегі Ақпышақ қонысы мен Бөкей шағылы ханның жазғы жайлауы болған. Сонда Бөкей ханның барлық жұмысы мен өмірдегі тыныс-тіршілігі тек қана Құрманғазы ауданы жерінде өткендігі талас тудырмайды. Ал, баласы Жәңгір хан тағына отырғаннан кейін өз ордасын 1827 жылы «Жасқұсқа» көшіргені құжаттарда айқын жазылған. Бірақ, ол қонысты Бөкей көрген жоқ. Десек те, «Бөкей губерниясы» деген атау тарихта қалды. «Жасқұста» кейін Орда ауданы шаңырақ көтерді. Ал, Атырау облысының көлемінде Бөкейдің есімімен аталатын қарасын жоғын жоғарыда айттық. Осы олқылықтың орнын толтыруды тұрғындар көбірек әңгімелейді. Бүгінгі күні Қиғаш округіне Бөкейдің есімін беру мәселесі заңды түрде сұранып тұрған жағдай. Ол ауылдан үш шақырымдай жерде Бөкейдің қорымы жатыр. Ендеше, халқын қоныстандырған топырақта кемеңгер ханның есімі ұрпақтарымен бірге жасауы тиіс емес пе?

 

Кешегі кеңестік дәуірде де Бөкейдің халыққа сіңірген еңбегі орынды әңгімеленді. 1973 жылы жарық көрген «Қазақ совет энциклопедиясының» 2-томының 439-бетінде мынадай жолдар жазылған: «Бөкей хан патша үкіметінен рұқсат алып, Кіші Жүз қазақтарының бір бөлігін Жайық пен Еділдің аралығында ноғайлы-қазақтардың ескі жұртына қоныстандырды. Шаруалар Нарынға үлкен үміт артты, Бөкей сұлтан оны пайдаланып қалды. Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда мұнда товарлы-ақша қатынасы басымырақ өркендеді. Отарлау саясатының түрлі бөгеттеріне қарамастан, қазақтар арасында орыс мәдениеті тарады, қазақтар орыс халқының үлгісімен отырықшылыққа көше бастады. Егіншілік жанданды. 1840 жылы хан ордасында бастауыш орыс-қазақ мектебі ашылды».

Міне, Бөкейдің қазақ халқының қамы үшін жасаған өркениеттік қадамы осылай бағаланып, тасқа басып қалдырылған екен. Мұның бәрі қандай қоғамда да оның өз халқының ортасында алар бағасы жоғары екенін айқын көрсетіп тұрған жоқ па?! Өз дәуірінің дара тұлғасы М-С.Бабажановтың сөзімен мақаламызды түйіндесек: «Ішкі Орда халқы Бөкей ханға алғыс айтуға міндетті» деп сол кезеңнің өзінде ойын ашық айтқан.

 

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,

журналист-жазушы, 

Қазақстанның еңбек

сіңірген қызметкері.

Құрманғазы ауданы,

 Атырау облысы.

Суретте: Бө­кей хан Нұралыұлының Ресейдің Ас­трахан облысының Краснояр (Қызылжар) ауданына қарасты Кішіарал ауылындағы кесенесі.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар