Ұлыстың ұлы күнінде

Шаруа қожалығы жетекшілері Мира Досқалиева («Серік»)  мен Насимолла  Ермековтің («Мүсірғали») демеушілігімен Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп  асханасында Ұлыстың ұлы күніне арналып мерекелік дастархан жайылды. Шараны  мәдениет  үйінің директоры  Сайлаубек Мұхтаров ашып, ауыл әкімі Бақытжан Оразғұлов пен мектеп директоры Ардақ Әлиева қош келдіңіздер айтып, құттықтау сөз сөйледі.

Шақырулы қонақтарға ауылдың өнерпаздары  Төремұрат Аманғалиев, Ұлдай Меңдіғалиева, Аңсар Төлеуғалиевтер өз өнерлерін көрсетті. Жиналғандар ән мен биге араласып, ойнап, күліп белсенділік танытты.

Ж.САРИЕВА,

әлеуметтік  қызметкер.

Ұялы ауылы.

                                                                   * * *

Жәңгір хан атындағы орта мектептің кітапханашылары Айгүл Батырханова мен Ажар Нажимова 4 «б» сынып оқушыларына ұлттық дәстүрлерді насихаттау мақсатында ауылдық балалар кітапхана қызметкерлерін, ауылдағы белсенді әжелер мен аталарды шақырып «Наурыз-дәстүр» атты кездесу өткізді.

Кітапхана төріне керілген кереге ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік тағамдар пісірілді. Ақ шапанды аталар, ақ кимешекті әжелер көненің көзі болған ескі әндерді шырқап, келушілерді қарсы алды.  «Балаға ат қою», «бесікке салу» дәстүрлері көрсетіліп, «тымақ алу», «күш сынасу»  ойындары ұйымдастырылды. Мұның бәрі ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді еске салды. Оқушылар би билеп, өз өлеңдерін оқыды. Өз кезегінде ақсақалдар бата беріп, жиналғандар наурыз көжеден дәм татты.

Альфия АКСЕНОВА,

сынып жетекшісі.