Ұялыда өткен той…

Қайырымдылық – ізгі қасиет. Жақында аудандық мәслихат депутаты Серік Садықов пен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың Ұялы ауылдық округі бойынша маманы Жансая Аманжолованың ұйымдастыруымен «100 нақты көмек» акциясы аясында көпті тамсандырған керемет той өтті.

Жалғызбасты ана Толқын Қаженованың Гүлмаржан есімді қызының ұзатылу тойын өткізуге ауылдастары шын ықыласпен атсалысты. Әсіресе, өнер саласында жүрген жігіттердің арқасында бейнекамераға түсіру, асаба, музыкалық аппараттармен сүйемелдеу – бәрі де  тегін жасалды. Сонымен қатар,  жеке кәсіпкер Темірғали Бақтығалиев тойхананы 20 пайыздық жеңілдікпен жалға  берді.

Жерлестерінің мәрттігіне жаны жадыраған абзал ана үлкен-кішінің бәріне шын көңілден алғыс айтып, ақ тілегін жаудырды. Алда да мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсететін жомарт жандар қатары  көбейіп, қазақтың тойы тарқамасын. Осындай ізгілікті істен Сіз де құр қалмаңыз, ардақты ағайын!

 Ж.МҮБИНҚЫЗЫ.

Ұялы ауылы.