Талқыланған мәселе көп… нәтижесін уақыт көрсетеді

Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде оздырылған тұрғындар жиынынан осындай оймен шықтық. Күн тәртібіне қойылмаған мәселе қалмағандай. Ауыл ішін қыстай жиналған күл-қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан арылту, көше тазалығы, абаттандыру жайынан бастап, мал бақтыру, бірдейлендіру (сырғалау), есепке алу-шығару, ветеринарлық шараларды жүргізу, мал, мүлік ұрлығын болдырмау сынды күнделікті тіршілік қарекетімен қатар, мектеп оқушыларының оқу үлгірімі, тәртібі, жаңа форматта өтетін ҰБТ-ға әзірлік, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғушылық, ерте жүктілік, суицид, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), әлеуметік көмекке зәру топтарды, азаматтардың мәртебесін анықтау – бәрі-бәрі қамтылған. Соған сай аудан орталығынан күн тәртібіндегі мәселеге қатысты мекемелердің басшылары да шақырылыпты.

Жиынды қысқаша кіріспе сөзбен ашқан округ әкімі Медет Сейсенов шақырылған қонақтармен таныстыра келіп, алғашқы сөзді учаскелік полиция инспекторы Тимур Ғұмаровқа берді. Ол да, оның сөзін толықтырған аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы Ерлан Жоралиев те қоғамдық тәртіптің сақталуы, жұртшылықтың көпшілік орындардағы жүріс-тұрысы, ауыл мәдениеті, салауатты өмір салты, бала тәрбиесі, ұрлық-қарлық, бұзақылық, қылмыстық әрекеттер қақында нақты фактілерді негізге ала отырып баяндап берсе, аудандық ветеринария бөлімі басшысы  Нұрқайыр Құсайынов, аудандық білім бөлімі маманы Назгүл Тілепова, аудандық орталықтандырылған аурухана директоры Әділгерей Ғаббас, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев өз салаларында  болып жатқан жаңалықтармен таныстырып, кейбір өзгерістерге түсінік берді. Қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

– Біздің Ордада жекенің малы мінетін атын, оған қажетті жем-шөбін беріп тұрған кеңестік кезеңде де бағылмаған,-деді зейнеткер-ұстаз Сейсенбай Байзонов. – Әлі күнге ұйымдастырылмай, қалыпқа түсіпей келеді. Біз сияқты кәрі-құртаңның малды өріске шығарып бағуға шамасы жоқ. Егер ауылымызда кооператив құрылып жатса, соған кірер едік. Құр сөзбен уақыт өткізбей, нақты іске кірісетін мезгіл жеткен сияқты. Тиісті органдар осыны қолға алса. Тілегімді аудандағыларға жеткізгейсіздер.

Сонымен қатар, Сейсақан ұрлықтың тыйылмауы халық тұрмысының нашарлығынан деген пікір білдіріп, әлеуметтің әлеуетін көтеру қажетілігін алға тартты. Округтегі мал мамандарының жұмысына сын артқан Бейбіт Қасымов ауылдастарын зираттарды қоршау үшін қаржы жинауға, Майдан Батыров көшелерге құм, саз төсеп, тегістеуді қолға алған шаруа қожалығы иелері, жеке кәсіпкерлер Еркін Жабасов, Арсан Баетов, Нұртай Ахметовтің бастамаларына үн қосып, техникамен көмектесуді сұрады. Аудандық мәслихат депутаты, Бөкей ордасы тарихи музей кешені директоры Ғайса Махимов, зейнеткер-ұстаз Алтын Бисалиева да өз ойларын ортаға салды.

«Айту бар да, іске асыру бар»,-деп Алтын апамыз айтпақшы, мәселені көтеру бар да, орындау бар. Бүгін алқалы жиында қозғалған жайлардан оқырмандарға хабар беріп отырсақ, ертең тындырылған жұмыстарды баяндауға жазғай.

Каримолла ҒАЙСИН.