Бәрі де ұрпақ қамы

Аудандық демалыс орталығында ауыл тұрғындарымен оздырылған жиында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы кеңінен талқыланды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков рухани жұтаңдық белең ала бастаған осынау заманда адами қасиеттерді алға қойған бұл мақаланың ең алдымен келер ұрпақ үшін маңыздылығын әңгімелеп, Қазыбек бидің:

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Еліміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Достықты сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз — деген аталы сөзін алға тартып, жерлестерін береке-бірлікке, рухани жаңаруға шақырды.

Одан кейін сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев бұл мақаладағы ұлттық патриотизм хақында келелі әңгіме қозғаса, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Исатай Құрмашев Елбасымыз көтерген «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы жастарымыздың сапалы білім алуларына көп септігін тигізетіндігіне тоқталды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов аталмыш мақаланың мән-маңызын терең түсіндіре отырып, ол әр ұжым мен қоғамдық ұйымдардың, жалпы жұртшылықтың негізгі құжатына айналуы тиіс екендігін баса айтты. Әрі ол бұл жаңа мыңжылдыққа бастайтын тарихи жол екенін көптің қаперіне салды.

Раушан АППАҚОВА.