25.04.2017, 11:16
Қараулар: 385
Селфимания: әуестік пе, тәуелділік пе?!

Селфимания: әуестік пе, тәуелділік пе?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын қалта телефондарын тек байланыс құралы ретінде тұтынсақ, бүгінде оның  қолданыс аясы әлдеқайда кеңейді. Тұтынушыға жаңа мүмкіндіктер туды. Әсіресе, смартфондардың сан қырлы функциялары шығармашылық адамдарына қанат бітіргендей. Суретті әрлеудің небір тәсілдері өз алдына, енді зілдей камераларды тасудың азабы артта қалды. Шапшағын құралдың көмегімен  бейнероликтерге дейін түсіре аламыз. Міне, технологияның жетістігі!

Алайда, заманауи игіліктің кері әсерін де көріп жүрген жайымыз бар. Селфиді айтамыз, баяғы.  Жауыр болған тақырып дерсіз, бірақ, «психикалық аурудың бір түрі» деп таныған психологтардың дабылы қаншалықты қисынды?  Селфимания шынымен қауіпті ме?

 

Алғашқы селфи…

 

2010 жылдың басында ғана селфи туралы түсінік кең етек жая бастады.  Бүгінде ол  айтарлықтай  «тренд», яғни, сәнге айналған құбылыс. Той- домалақ пен түрлі шараларда  кездескен ағайын бірден «селфилете» кететіні осының айғағы.  «Заманына қарай – адамы», онда тұрған не бар дерсіз?!   Алайда, селфимания дертіне ұшыраған жастардың жайы  мамандарды текке алаңдатып отырмаған сыңайлы.

Ал, ең алғашқы  селфи  осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын түсіріліпті. Ешқандай заманауи құрылғының  көмегінсіз бұл мүмкін бе дерсіз?  Тарқатып айтайық, 1914 жылы II Николайдың кенже қызы 13 жасар  Анастасия Романова  «Кодак» фотоаппараты арқылы өз бейнесін айнаға қарап түсіріп  алыпты. Ол суретті  зерттеушілер әулеттің фотоальбомынан тауып алады. Әкесіне жолдаған хатында Анастасия  «Мен өз фотомды  айнаға қарап тұрып түсірдім. Оңай емес екен, аздап қобалжу болды, қолдарым дірілдеді» деген  әсерімен бөлісіпті.

Иә, селфидің бастауы деп кішкентай ханшайымның суретін айтса да болатындай.  Бір  ғасырдан астам уақыт бұрын  пайда болған  жаңалықтың бүгінде қоғамдық дертке айналғаны өкінішті-ақ.  Әсіресе, «қауіпті селфиге» құмар жастардың ессіз әрекеттері туралы оқып та, біліп те жүрміз. Мәселен, 21 жастағы мексикалық Оскар Отеро Агилар суық қарумен селфи жасап, әлеуметтік желіде біраз танылған болатын. Мәртебесін жоғалтып алмауға тырысқан ол досының  тапаншасымен кезекті селфи жасамаққа оқталады. Әттең, ол бұл суық қарудың  оқтаулы тұрғанын білмеген сияқты… Оқиға қайғылы аяқталды. Бір ғана мысал.  Соңы өкінішпен аяқталатын мұндай  оқиғалар қазіргі күні  жиілеп барады. Вагон төбесіне шығып, суретке түспекші болған павлодарлық жасөспірім ақырсоңында  тоққа соғылды.  Қостанайда иесіз қалған зауытта «қауіпті селфи» жасаған бір  топ жастар мен  Атырау қаласында көп қабатты үйдің төбесінде түсірілім жасаған бойжеткендердің, өзен жағасында  тоғыз айлық бауырымен селфи жасамақ болған  қыздың ессіздігі де көңілге қорқыныш ұялатады.

 

Бұл дерт пе, әлде…

Психолог маман Тоғжан Хайырованың  пікіріне құлақ түрелік:

–  Әр нәрсенің белгілі  бір шегі бар. Батыс  мамандарының  аталмыш тәуелділікті дерт деп топшылауына  күніне 200 рет селфи жасап, ақыры арасынан өзіне ұнайтын  сурет таппағасын,  өмірін оңайлықпен қия салған британдық Дэмми Боуманның жаға ұстатарлық әрекеті себеп болды. Артық кеткен жағдайда  зиянсыз боп көрінген селфидің өзі адамды депрессияға ұшыратуы  әбден  мүмкін. Әрине, жұмыс барысымен жеткіншектердің  әлеуметтік желіге жариялаған суреттерін, блог жазбаларын біраз зерттеуге тура келеді. Яғни, ғаламтордағы жеке парақша сол тұлға туралы біраз  хабар береді. Сондай-ақ, отбасы жылулығын сезінбеген, мақтауды еріксіз қажет ететін жандар бар.  «Лайк» жинаған  сайын  оларда «мені мақтап жатыр екен»,  «мені жақсы көреді екен»  деген қате ой туады. Желіге әбден тәуелді болғаны  соншалық, шынайы өмірден алыстайды. Бұл  ішкі жалғыздықты  арттыра түседі, ал, аз жиналған  «лайк» депрессияға  әкеледі. Сондықтан, әр ата-ана ұл-қыздарының әлеуметтік желідегі суреттеріне, жазбаларына жіті мән берулері керек. Жасыратыны жоқ,  «селфиқұмар» жастар аз емес. Мен  олардың баршасын психологиялық өзгеріске ұшыраған деп айтудан  аулақпын.

Қазір технология заманы, соңғы жетістіктерді де тезірек меңгеруіміз керек-ақ. Тек саналы түрде ғана.  Виртуалды өмір адам санасын шектеп тастайды, өзара қарым-қатынасты бұзады. Осыны түсінсе деймін.  Таза ауада серуендеп, достармен әңгіме-дүкен құрып, тілдесудің рахатын сезінсе екен.  Әдеби кітап оқып, таным көкжиегін арттыру арқылы рухани байи түсетінін жастарымыз ұмытпаса дейміз.

 

Осы туралы  кәсіби фотограф  Мират Қоржынбаев не ойлайды?

   

– Фотографтардың объективіне бірден ілігетіні адамдардың эмоциясы.  Мен кәсіби маман ретінде фотоға түсуге келген жанның көңіл-күйін байқап отырамын.  Селфи туралы  бүгінде екіұдай пікір қалыптасқаны рас. Өз басым селфиге аса құмармын деп айта алмаймын. Дегенмен, кәсіби маман ретінде, кез келген нәрсеге шектен тыс әуестенушілік жаман әдетке айналады деген пікірге қосыламын. Селфи болсын, мейлі әдеттегі түсірілім болсын, әдемілікті, ерекшелікті көруге тырысамын. Өйткені, кәсібім сондай. Бірақ, жастардың бойынан  тәкаппарлық, «мен ғана сұлумын», «мен дәулеттімін», тағысын тағы суреттейтін фотоларын көргенде, танымдарының төмендігіне  қарным ашады. Шығармашылық көзқарас жоқ, тек тәуелділік бар. Байқап қарасақ, алаңдайтындай жағдай екен. Бірақ, фотография жанрын  өнер ретінде қабылдайтын жастардың жоқ еместігін де айтқым келеді.

 

Тобықтай түйін

Селфимания тақырыбы әлі де көптің талқысына түсері анық. Осындайда физик-теоретик А.Эйнштейннің:  «Телефон пайда болды, енді адамдар бір-біріне баруды қояды» деген сөздері еске түседі. Сол болжамның тура келгеніне  таңқалмасқа амал жоқ.

Тоқсан ауыз сөзімізді түйіп айтсақ, жақсы әдетке ғана тәуелді болайық, ағайын!

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА.