25.04.2017, 13:00
Қараулар: 388

Болашаққа бағдар

«Мамандықтар әлеміне саяхат» атты тәрбие сағатында сынып жетекшіміз Самал Әбдірованың ұйымдастыруымен аудан орталығындағы бірнеше мекеме, кәсіпорынды аралап, түрлі мамандық иелері жұмысымен танысып қайттық.

Аудандық ауруханаға, балалар кітапханасына, «Орда жұлдызы» газеті редакциясына, су құбыры мекемесіне, педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетіне, азық-түлік дүкеніне, балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, білім бөліміне бас сұққан біздер осы жорықта жай келуші, яғни, өзімізге қажетті қызметті алушы ретінде емес, сондағы қызметкерлердің ісіне қызығушылық танытушы болып барған едік.  Ондағы  апай-ағайларды іс үстінде көріп, өзімізді толғандырған сауалдарымызды да қойдық. Аудандық газет редакторы Бауыржан ағай Бисенов үнпарақтың 87 жылдық тарихынан сыр шертіп, біздерді кітап оқып, өлең, шығарма, мақала жазуға үндеді. Ал, су құбыры мекемесіндегі мамандар ауылымызға таза судың жеткізілу жайын әңгімелеп, ұжымның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп тұрған техникаларды көрсетті.

Әртүрлі мамандықтың ерекшеліктеріне қаныққан сыныптастарым қай істе де еңбекқорлық, ыждағаттылық, кәсіби шеберлік қажеттігін және болашағымызды бүгіннен бастап бағамдай білуіміз керек екенін түсінгендей болды.

Жұлдыз ШАЛБАЕВА,

М-С.Бабажанов атындағы орта

мектептің 6 «б» сынып оқушысы.

 

 

Мамандықтар әлеміне саяхат

Басқа да мақалалар