Түркістанның төрінде өткен сайыс

р-0116Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған пән олимпиадасының алғашқы сырттай турына Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасынан 6 оқушы қатысып, барлығы да ІІ кезеңге өткен-ді. Тек 11-сынып оқушылары, яғни, болашақ түлектер ғана бағын сынай алатын 11 пән бойынша оздырылған бұл додада 100 мемлекеттік грант сарапқа салынды.

Жоғарыда айтқанымыздай, бағын сынағандардың баршасы келесі кезеңге өткенімен, барлығына бірдей жолдамаға қол жеткізуге мүмкіндігі болмады. Неге дейсіз ғой? Бар мәселе қаржыда. Тарқатып айтар болсақ, ниет білдіруші оқушылардың ата-анасы тек өз перзентінің ғана емес, оның жетекшісінің де жол шығынын көтеруі қажет еді. Сөйтіп, ата-аналар демеушілігімен аталмыш мектептің шет тілі пәні мұғалімі Мирхат Ахтаров бас болып, оқушылар Қабды Сарыбай ағылшын тілінен, Елтай Нұрәділ география пәнінен Түркістанның төрінде өз білімдерін байқатты. Мирхат Жанболатұлының айтуынша, ІІ кезеңге жолдама алған 2555 қатысушының арасындағы дода тіптен тартысты өтіпті. Алдымен, үміткерлер эссе жазып, кейін сол негізде сауалдарға жауап берген екен. Осылайша, үш күнге жоспарланған сынақта сағырбаевтық оқушылар жеңімпаздар қатарынын табылмаса да, 30 пайыз (ұйымдастырушы білім ошағына ақылы түрде түсер болса) жеңілдікке және сертификатқа ие болып қайтты.

Сенім білдірген ата-анаға да, үмітті ақтауға бар күш-жігерін жұмсаған балаға да болашаққа бастар бағыттарыңыз тек оңынан болсын дейміз.

Раушан АППАҚОВА.