«Сәкенді тұтқындай алмаймын…»  

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені қызметкерлері өлкемізден шыққан көптеген атақты адамдар туралы іс-шаралар, көрмелер, дәрістер өткізіп, мақалалар жазып отырады. Осы кезекте жерлесіміз, мемлекет қайраткері Серікқали Жақыповтың туғанына 125 жыл толуына орай, кешен қорынан деректер қарап, әйгілі жерлесіміз жөнінде  материалдармен таныстық. Өмір жолына тереңірек үңілген сәтте аласапыран заманда қайсарлық мінезімен ұлт жанашырына айналған тұлға болғанына көзіміз жетті. Оның еңбек пен ерлікке толы, әрі сол кезеңдегі көптеген қазақ интеллигенттерімен бірдей қайғылы тағдыры туралы білгенімізді «Орда жұлдызы» оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдік.

Серікқали Жақыпов 1892 жылы Бөкей ордасының Талов қисымында дүниеге келген. Ордадағы төрт кластық қалалық училищенің жанындағы педкурсты бітірген. Әке-шешесіз тұл жетім өскен Серікқали өз өмірбаянында: «Төңкеріске дейін 1906-1914 жылдары аралығында балық аулау кәсіпшілігі мен кулактарға жалданып жүріп оқыдым»,-деп жазыпты. 1915 жылы оқуын тамамдағаннан кейін Қазталовтағы орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып істейді. Оны білгендер бала оқытып жүргенде қолы босап кетсе ел аралап, ескі әңгіме, аңыз, өлең, жырларды қағазға түсіргенін айтқан.

Әдеби қауыммен бұрыннан байланыста болған Серікқали «Айқап» журналының 1914 жылғы қыркүйектегі санына орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтовтың «Три пальмы» дастанын «Үш құрматерек» деген атпен қазақша аударып бастырған. Яғни, ол көрнекті қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері Мұхаметжан Сералин және Сұлтанмахмұт Торайғыровпен таныс болған. Республикалық НКВД-нің 1926 жылғы Серікқали Жақыповқа берген мінездемесінде «Қазақ арасына теңдесі жоқ публицист ретінде белгілі», ал, 1929 жылғысында «Саяси және көркем әдебиет туындыларын орысшадан қазақшаға және керісінше аударуда жақсы маман болып саналады» деген жолдар бар.

1917 жылы Бөкей губерниясындағы революциялық қозғалысқа араласқан ол 1918 жылы қызыл гвардия отрядын басқарып, азамат соғысына да қатысқан. Уақытша үкімет тұсында қазақ кедей-жалшы жастарының бастарын біріктірген «Жарлы» деген астыртын ұйым құрып, Кеңес өкіметін құрысуға атсалысады. 1918 жылы Серікқалидың ұйымдастыруымен Ордада тұңғыш Қазақстан Коммунистік Жастар Одағының ұясы құрылады. Ол жастарды жаңа құрылысқа жұмылдыру мақсатында поэзияны да пайдаланған:

Ұйықтама, оян енді, еңбекшіл жас!

Ұйқыға бола бермей, күн-түні мас,-

деп оларды ұлы істерге өлеңмен үгіттеген. Осындай қылықтары үшін ақ казактардың тұтқынына түсіп, атуға алып бара жатқан жерінен қашып құтылыпты.

1919 жылдың мамыр айында С.Жақыпов Ұлттар халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімін ұйымдастырып, соның төрағасы болып сайланады. 1921-1923 жылдарда Саратов губерниялық ЧК-сының Новоөзен уезі бойынша опер уәкілі болып тағайындалып, банды жасақтарын жоюға қатынасады. Қазақ өлкелік комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, ұйымдастыру бөлімінің бастығы сынды лауазымды қызметтер атқарады. 1924 жылдың көктемінде өлкелік партия комитетінің нұсқауымен мұнай өндірісін дамытуға Гурьев уездік комитетіне жұмысқа жіберіледі. Бөлім меңгерушісі қызметін екі жыл атқарған соң 1926 жылы Орал губерниялық партия комитеті қайта шақырып алып, Қазталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындайды. 1927 жылы НКВД-ге қызметке алынып, 1937 жылдың қыркүйек айына дейін істейді. Ол НКВД-де «Дін және контрреволюцияға қарсы күрес» бөлімін басқарады.

1937 жылы республикалық НКВД-нің коллегиясында «Қазақтың антикеңестік, ұлтшыл буржуазиялық, фашистік ұйымдарын әшкерелеп, жою туралы» мәселе қаралып, коллегияның 15 мүшесінің 14-і бұны қолдапты да, тек Серікқали ғана Қазақстанда ондай ұйымның, тіпті жеке адамның жоқтығын дәлелдеп сөйлеп, қарсы дауыс беріпті. Және «халық жауы» ретінде ұстау керек деген адамдарды тұтқындаудан бас тартады. Мысалға, 1937 жылғы қыркүйек айының басында Сәкен Сейфуллинді тұтқындау туралы бұйрықты алған сәтінде «Сәкенді тұтқындай алмаймын. Дзержинский бізге нағыз жауды жазала деп үйретті. Оның өзінде сол адамның жау екендігіне бұлтартпас дәлел керек» деп бұйрықты НКВД бастығының көз алдында жыртып, қызметінен босатуға арыз беріп, жұмысқа шықпай қалады. Сол қыркүйек айының 21-і күні оны «халық жауларын бүркемеледі» деген желеумен үйінен тұтқындайды. Жастайынан өкпе ауруына шалдыққан қазақтың сол атпал азаматы 1939 жылдың ақпанында НКВД-нің қапас камерасында мәңгілік көз жұмады.

Иә, қазақтың қайсар ұлдары қатарынан ойып орын алған жерлесіміз Серікқали Жақыповтың республика жастар қозғалысының дамуында, еліміздің болашағы үшін күрес жолында қалдырған ізі ешқашан өшпек емес.

Жангелді ТӨЛЕШЕВ,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің тарихшысы.