Шегіртке де тажал

Үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларына дайындықты көктем шыға қолға алу ауданымызда қалыптасқан жағдай. Шегірткенің күбіршегін қайта анықтау мақсатында республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалы мамандары 2000 гектар жерге барлау жүргізуді сәуір айында бастап кетті. Биыл 111085 гектар жерге, негізінен Ұялы, Т.Масин, Бисен, Мұратсай және Орда ауылдық округтерінің құм өңірлеріндегі жайылымдар мен шабындықтарда химиялық өңдеу жұмыстары атқарылмақ. Химиялық өңдеу жұмыстарын Ақтөбе қаласының «ЗапКазФумигация» ЖШС-гі «ГАЗ-66» автокөлігіне орнатылған бүріккіш аэрозолдық қондырғылармен жүргізетін болады.

Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге, шегірткенің бар жерлерін анықтауға әр округтен анықтаушылар шығарылды. Химиялық өңдеу кезінде күнілгері жерді анықтап отыру үшін 3 «УАЗ» автокөлігін республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы арқылы уақытша жалға алып, көмекке қосу жоспарлануда. Химиялық өңдеу жүргізіліп жатқан жерлер айналасына мал жақындатпау округ әкімшіліктеріне ескертілді.

Көршілес Ресей Федерациясының Ахтуба аудандық өсімдік қорғау станциясы мамандарымен бірлесіп, шегірткеге дернәсілдерінің жер бетіне шығуы кезінде мемлекеттік шекараның екі бетіне тексеру жүргізіледі. Егер шекарада шегіртке анықталса, онда химиялық өңдеу жұмыстары бірінші кезекте сонда қолға алынбақ.

Аудандық аумақтық инспекцияның өсімдік қорғау бөлімі фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы филиалы мамандарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, аудан көлеміндегі жайылымдар мен шабындықтарды өсімдік зиянкестерінен қорғау жолында талап деңгейінде жұмыстана бермек.

Мырзабай НҰРҒАЛИЕВ,

аудандық аумақтық инспекцияның өсімдік қорғау

жөніндегі мемлекеттік инспекторы.