«Құралайдың салқыны» біз ол туралы не білеміз?

г-684

Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі таңда оның сирек қолданылып, ұғымы да көмескіленіп бара жатқаны өтірік емес. Қырдағы қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалып жататынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан. Уикипедия дерегіне сүйенсек, бұл кез Қазақстанның орталығы және солтүстік аумақтарында шамамен 20 мамырдан басталып, он шақты күнге созылатын ауа райындағы құбылмалы күндер.

Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір қоңылтақсытып өтетін қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар.
Табиғаттың төл баласындай болған бұрынғы қазақ киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «Құралайдың салқыны», «Құралайдың суығы», «Киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен. Осы мезгілде күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде оншақты күнге созылады. Осы кезде төлдеуі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасатын көрінеді. Оның мəнін аңшылар «қоңыр аңдар күннің көзінен таса жерге төлдеуге ұмтылады» деп түсіндіреді. Соған байланысты ел арасында киік лақтаған жерге найзағай ойнайды деген ырым бар. Құралайда аспанды бұлт торлап, аздаған жел тұрады. Осы кезде жаппай төлдеген киіктердің лақтары желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. Түз жануарларының тез төлдеуінің бір сыры – аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді екен. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмайтыны осыдан болса керек. Сондай-ақ, киіктің киелі жануар екендігін білдіретін тағы бір жағдай бар. Атап айтқанда, көктемнің соңында, тек мамырдың 22-28-і күндері ұлы даладан қазақтар «түйе­табан» деп атап кеткен өсімдікті көруге болады. Кереметтігі сонда, оның аса үлкен жасылдау-қызғылт түсті жапырақтары жаңа туған киік құралайын жасырып тұрады. Қырағы бүркіттердің өзі табиғаттың қорғауында жатқан құралайды көре алмайды. Сөйтіп, құралайлар аяғынан тұры­сымен-ақ әлгі «түйетабан» өсім­дігі келесі көктемге дейін жоғалып кетеді-мыс.

«Құралайдың салқыны» кей жылдары суық жаңбырға ұласып, мал мен жанға қолайсыздық əкеліп, əбігерге салатын кездері де болған. Табиғаттың біз танып-білмеген сыры қаншама десеңізші?!

 Ғаламтор желісінен әзірлеген Арайлым ФАРИТ.