2.06.2017, 12:35
Қараулар: 498
Шаттық нұры төгілген күн

Шаттық нұры төгілген күн

Жадыраған жаздың алғашқы парағы, ғажайып қақпасы ашылар бұл күн барша бүлдіршіндер аудан орталығындағы күйшілер саябағынан табылды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Балауса балғын шақ» атты мерекелік концерттің шымылдығын кеш қонағы аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев ашып, жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтады.

Көңілді толқыта төгілген күй сазымен бірге шалқып, бірде толқып, жүректен шыққан әсем ән ырғағымен жан тебіреніп, мың құбылып бұрала билеген талдырмаш балдырғандардың өнеріне сүйсінген үлкендер жағы енді оралмас балалық шаққа көз жүгірткендей тамаша әсер алды. Концерттің барысында оздырылған сан алуан қызықты ойындарда белсенділік танытқандары түрлі сыйлықтар алып жатса, «Әлем балалар көзімен» байқауында жас суретшілеріміз ақ параққа сурет салып, өз туындыларын көпшілікке паш етті. Саябақ аумағында жәрмеңке де ұйымдастырылып, секіртпеде (батуд) алаңсыз ойнап, естелік суретке түскен сәби жүзінде шат-шадыман қуаныштың белгісі анық байқалды.

Осынау шаттық нұры төгілген күні балаларға базарлық ретінде аудандық мәдениет үйінде қызықты мультфильмдер де көрсетілді.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.

Сайқын ауылы.