Еңбегі ерен ел ағасы

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Нарынның Нұрлыбегі – 70 жаста» атты тақырыпта жерлесіміз, қатардағы зоотехниктен аудан әкімі қызметіне дейін көтерілген, облыстық деңгейде де лауазымды басшы болып, зейнеткерлікке шыққан Орал қаласының тұрғыны Нұрлыбек Шайдоллаұлы Бірмановтың 70 жасқа толуына орай 10 маусым күні аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесімен кездесу кеші өтті.

Салтанатты қысқаша кіріспе сөзбен ашқан жүргізуші Тілеген Арыстанбеков («Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары) ардақты мейманды зайыбы Райса Сергейқызымен қосып, сахна төріне шақырды. Олар залдан көтеріліп, сол орынға жайғасқанша жиналғандар ду қол шапалақтап, ерекше ілтипат білдірді. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бөкейліктердің шақыруын қабыл алып, 600 шақырымдай жерден осы ыссыда ат арытып келгендері үшін құрметті қонақтарға рахмет айтып, игі тілегін жеткізді.

Мұнан кейін мерейтой иесінің өмір жолынан мол дерек беретін бейнефильм көрсетілді. 1947 жылдың 11 маусымында №67 жылқы зауытының Торғай ауылында дүниеге келген Нұрлыбек бала сол жылы құрылған әскери сынақ полигонының салқынын ерте сезініпті. 1949 жылы зауыттың 5 бөлімшесі үшке бөлініп, Жымпитының «Қызыл Ту», Чапаевтың «1-Май», Фурмановтың «Талдыапан» шаруашылықтарына көшіріледі. Бірмановтар «1-Майдың» Бітік бөлімшесіне түседі. Әкесі Шайдолла бөлімше меңгерушілігіне тағайындалады. 1956 жылы жасы ұлғайған атасы Бірманның өтінішімен туыстас 4-5 отбасы туған жерге қайта оралады. Бітікте бастауыш мектептің есігін ашқан Нұрлыбек аға Орда, Сайқын орта мектептерінен білім алыпты. 8-сыныптан соң Красный Кут ауыл шаруашылық техникумына түскен ол бір жылдан соң Орал ауыл шаруашылық техникумына ауысады. Осында жаттықтырушы Николай Ганичевтің күрес үйірмесінен басталған спорттық карьерасы қала, облыс чемпионы, Қарағанды қаласындағы жасөспірімдер арасындағы сайыста республика чемпионы, Мәскеудің Темирязов атындағы академиясында студент болып жүргенде ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары арасындағы одақтық сайыстың жүлдегері тұғырына дейін жетеді.  Спорттың сергектік сыйлап, еңбекке құлшындыратынын, ерік-жігерді нығайтатынын ұғынған ол қызметке араласқанда да одан қол үзбей, оның бұқаралық сипат алуына барынша ықпал жасап отырған.

Айта кетелік, жоғары оқу орнының аспирантураға қалуға жасаған ұсынысынан бас тартқан Н.Бірманов жолдамамен Қарағанды облысына барады. Екі жылдан соң әкесі дүние салуына байланысты анасының талабымен туған жерге қайтады. Одан әрі «Мұратсай» совхозының бас зоотехнигі, облыстық халықтық бақылау комитетінің, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің инспекторы, Жымпиты аупарткомының хатшысы сынды лауазымдық сатылардан өткен ол 1986 жылы Орда аупарткомына бірінші хатшылыққа сайланады. Бұл қызметін аудан әкімімен ұштастырған Нұрлыбек Шайдоллаұлы ауданымызда 10 жыл бірінші басшы болыпты.

Құттықтау тілек, естелік айту, сұрақ-жауап түрінде өрбіген кездесу кешінде сол бір жылдардағы оқиғалардың шет жағасы тілге тиек етілді. «Ауыл академигі» атанған атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, облыс пен ауданның құрметті азаматы Ескендір Есімов той иесінің туған құдасы екенін айтып, ақ тілегін ақтарса, ауданның құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев Нұрекеңді өткен ғасырдың 60 жылдардан білетінін әңгімелеп, 1967 жылы ВЛКСМ Орталық Комитетінің біржылдық оқуына барғанда онымен қайта табысып, Раямен таныстырғанын, бәрі бірігіп Москваның көрікті жерлерін аралап, мәдени, спорттық шараларға барғанын әсерлі баяндады.

– Сайқын көшелеріне алғашқы асфальт төсеттірген осы кісі. Бұл адам қаржы көзін, марқұм Марат Менеев қажетті техника мен мамандарды тапты. Үш армян істеген асфальт ширек ғасырдан асса да, әлі кәдеге жарап тұр,-деген Шәкең сол жылдарда басы қайтарылған өзге де біраз шаруаны тізіп шықса, зейнеткер Жасқайрат Сұлтанғалиев өзінің де 8-сыныптан соң (1965 жылы) Орал ауыл шаруашылық техникумына түскенін, 3-курста оқып жүрген Нұрлыбек Бірманов, Марат Ермеков, Исатай Мұқашев сынды ағаларына еліктеп, олардан көп нәрсе үйренгендігін, тіпті Москваның Скрябин атындағы ветеринариялық академиясын бітіріп келіп, «Орда» совхозында істеп жүргенінде аудандық ветстанцияны басқаруға тағайындағанын еске түсірді. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди өз сөзінде Нұрлыбек Шайдоллаұлының ауданымызда спортты дамыту, спортшыларға жәрдемдесудегі игі істерін арқау етті. Бұрынғы аудандық мәдениет үйі спорттық ғимаратқа қалайша айналдырылғанын, оның 32 жылдан бері кәдемізге жарап жүргеніне тоқталды. Кейбір қызықты жайларды, турнирлерді баяндап, спорт мектебінің арнайы тапсырысымен жасалған спорттың бұқаралығын арттыруға қосқан үлесі үшін төсбелгіні той иесінің өңіріне тағып, куәлігін табыс етті. Доғарыстағы полиция полковнигі, органда 33 жыл  істеген Исатай Бекқалиев Н.Бірмановтың аудандық ішкі істер бөліміне басшы сырттан келетін дәстүрді бұздыртып, өзін осы қызметке тағайындаттырғанын, сол сенімді ақтауға күш салып, зейнеткерлікке шыққанша (1992-2009 жж.) тер төккенін, кейбір болған оқиғаларды тартымды баяндады.

Жүргізушімен арадағы диалогте Нұрлыбек ағамыз бала кезінде қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді,

Шығарамын сөзімнен-деген өлең шумағы мен орыс ақыны Андрей Марковтың «Если кого-то обменаешь – обман возвратится в твой дом, а если кого-то поранишь – заплачешь от боли потом…» деген қанатты сөздерін қойын кітапшасына жазып алып, өмірлік ұстанымына айналдырғанын айтты. Жастарға осы күннен өз бетімен еңбектенуге, ізденуге машықтанып, спортпен шұғылдануға кеңес берді. «Спорт сенің денсаулығыңды шыңдап, мүсініңді сұлуландырумен қатар, рухани мықты ерік-жігерді қалыптастырады. Мұның бәрі өмірдегі қиыншылықтарды жеңуге керек»,-деді.

Бұл кездесу кешінде құйып алар құлақ болса, талай тәлімді нәрселер айтылды. Соның бірі – туған елге туыңды тік, адал қызмет қыл, оның өркендеп алға басуына мол үлес қос.

Айтпақшы, кешті әнмен әсемдеп, күймен безендірген аудандық демалыс орталығы өнерпаздары Құрмет Мусин, Бақытжан Әміржан, Арман Әршімов, Ринат Машотовтардың да есімін атай кеткеніміз жөн шығар.

Аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы сахна төрінде Нұрлыбек Шайдоллаұлының иығына қазақы салтпен шапан жапса, Райса Сергейқызына гүл ұсынып, камзол сыйлады. Тысқа шыққан соң, мерейтой иесіне ат мінгізілді. Ертесіне де мәдени-спорттық шаралар өз жалғасын тапты.

Каримолла ҒАЙСАҰЛЫ.