Ауданымызда денсаулық сақшылары сапында жүрген ерлі-зайыптылар баршылық. Олардың қатарына Әлімжан Нәсіпқалиұлы мен Жаннұр Есқайратқызы Жұмағалиевтерді (суретте) қосуға болады. Әлімжанның ағасы Ғалымжанның Ақтөбе қаласында педиатр, апасы Мәншүктің Орал қаласында медбике, ал, Жаннұрдың анасы Үмітханымның зейнеткерліктегі медбике екенін ескерсек, оларды медиктер әулетінен деуге толық негіз бар.
Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясын 1999 жылы бітіріп, туған жерге оралған Әлімжан содан бері аудандық ауруханада қызмет етіп келеді. І санатты хирург заман талабына сай білімі мен біліктілігін көтеруге, кәсіби шеберлігін арттыруға көңіл бөледі. 2009 жылы эндоскопист мамандығын меңгерсе, 2015 жылы республикалық медицина университетінде анестизиолог-реаниматолог мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтті. Бұл күнде ол бесаспап дәрігер – оташы, анестизолог, эндоскопист, онколог. 2014 жылы ауданның «Жыл адамы» атанған дәрігер бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хатын, аурухана басшысының Құрмет грамоталарын иеленді. Ол сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Медицина қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы жыл сайын 5 баланы кәсіподақ жолдамасымен жазғы демалыс лагерьлеріне, ал, аурухана қызметкерлерін емдеу-сауықтыру орындарына жіберуге қол жеткізуде.
Орта мектептен соң 1999 жылы Орал медицина колледжіне түскен Жаннұрда фельдшерлікке қоса, жоғары білімді хим-биологтың дипломы (пединститут бітірген) бар. Қосымша М.Мәметова атындағы орта мектеп шәкірттеріне химиядан дәріс берген ол бұл күнде аудандық орталық аурухананың жедел жәрдем фельдшері және оқу-тренинг орталығының жетекшісі. Отбасында бір ұл, бір қызы өсіп келеді.
Кәсіптеріне берілген, іске мығым бақытты отбасын кешегі төл мерекелерінде құттықтаушылар көп болды. Ылайымда сәттіліктер серік боп, табыстан табысқа жетіп, емделушілер алғысына бөлене беріңіздер дейміз біз де оларға.
Райгүл ҚҰБАЙТОВА.
Сайқын ауылы.