Жылдағы дәстүр бойынша биыл да медицина қызметкерлері күніне арналған салтанат аудандық мәдениет үйінде кең көлемде аталып өтілді.
Алғашқы кезекте денсаулық күзетінде жүргендерді төл мерекесімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева бүгінде емдеу саласы жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін тілге тиек ете келіп, дәрігерлер Жексен Сертеков пен Лаура Шамұратоваға және мейірбике Роза Қиясоваға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Одан әрі аудандық аурухананың директоры Әділгерей Ғаббас осынау кәсіби мейрамда ұжымындағы еңбегімен еленген жандардың есімдерін ықыласпен атап, жеткен жетістіктерге де тоқталып, бір топ әріптестеріне Мадақтама ұсынды. Сондай-ақ, мінбеге көтерілген кейбір аудан мекеме, ұйым басшылары ыстық лебіздерін жеткізіп, жас пен кәріге, жалпы, адамзаттың бәріне көмек қолын созудан жазбайтын бірқатар ақ халатты жандарға өз алғыстарын жеткізді.
Айта кетелік, ән шырқалып, би биленген бұл шарада мұңға батқан дәрігердің ішкі монологы кім-кімді де бей-жай қалдырмады.
Қолың шипа, дертке дауа сөздерің,
Жылу берер күлімдеген көздерің.
Денсаулығың мықты болсын, абзал жан,
Көп болсыншы ауру жеңген кездерің,-деген жоғары нотада бұл салтанат та өз мәресіне жетті.
Раушан БАҚЫТОВА.