Сауапты істен сырт қалмады

– Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабы артатын құтты ай. Сондықтан бұл айда бар адамзат баласы жақсылық жасауға асығады. Осы ретте жеке кәсіпкер Шынар Хайрошеваның қайырымды ісінен үлгі алуға болады. Себебі, ол осымен төртінші рет жерлестеріне, яғни, аз қамтылған 70 отбасының әрқайсысына  25 келі ұн, 5 келі секер және 4 келі макарон өнімдерін үлестіріп отыр,-деген Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиев осынау  игі істі қолға алған мейірімді жанның адресіне алғыс айтуды да ұмыт қалдырмады. Жоқ-жітікке қарайласып, Алла разылығы үшін сауапты іс қылғанына өз ризашылығын білдірген Гүлсара Сертекова көмекті иеленгендер атынан Шынар мен оның сатушысы Дәметкен (ауылдағылар Тәмшөк атайды) Қабделоваға да ілтипатын жеткізді. Әрі бұл жолы Сайқын ауылымен қоса, осы округке қарасты Мәмбет, Жәрмеңке, Сейтәлі, Шоңай елді мекендеріндегі бірқатар жанұяларға да тиісінше жәрдем берілді.

Сөйтіп, «Салтанат» дүкенінің қызметкерлері оның иесінің атынан көпшілікке азық-түлік таратты. Осынау қасиетті айда жасалып жатқан шынайы қамқорлық біраз жерлестеріміздің көңілін жадыратты.

Раушан АППАҚОВА.