4.07.2017, 9:50
Қараулар: 246
Велошеру ауылға бет алды

Велошеру ауылға бет алды

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бастауымен велошеру ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жайында халыққа түсінік беру. Аурухана ауласынан бастау алған шеру алдымен аудан орталығынан жеті шақырым жерде орналасқан Мәмбет ауылына бағыт түзеді. Кездесуге ауыл тұрғындарымен қоса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.К.Арыстанбеков, аудандық орталықтандырылған аурухананың директоры Ә.У.Ғаббас, балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары С.Қ.Қуанышәлиевтер қатысты. Онда Тілеген Керейұлы шерудің мақсатына тоқталып, жиналғандарға МӘМС-тің жай-жапсарын түсіндірді. Мәмбет ауылының тұрғыны Сайын Өмірзақовтың сұрағына Әділгерей Уәлиұлы нақты жауап беріп, әр адам бірінші кезекте өз денсаулығы үшін жауапты екенін ескертіп, көпшіліктен медициналық тексерістерден уақтылы өтіп тұруларын сұрады. Сәрсенбай Құрманғазыұлы балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының үш бағытта қызмет ететінін атап көрсетіп, балаларды жазғы демалыс күндерінде бос уақыттарын текке өткізбей, осы орталықтағы лагерьге демалуға шақырды.

Сондай-ақ, жиында ауылдың бүгінгі жай-күйі сөз болып, «көгілдір отын» мәселесі қозғалды. Тілеген Керейұлы газ құбыры ауыл маңынан өтіп тұрғандықтан бұл шешімі табылатын іс екенін айтып, ақысын төлесе, оның үй үйге тартылатындығын жеткізді.

Кездесу соңында аурухана қызметкерлері жиналғандардың қан қысымын өлшеп, көнекөз қариялардың жағдайын біліп, медициналық көмек көрсетті.

Әділет ӘБДІРОВ.