Елорда – елдің жүрегі

Астана – әсем қала. Оның сұлулығын суреттеп беру мүмкін емес. Бас қаламызда өткізген күндеріміз ерекше сезімдер мен қуанышқа толы болды. Бізді күтіп алған гидіміз бірнеше күн бойына қасымызда жүріп, Елорда мен «ЭКСПО – 2017-нің» мән-жайына қанықтырды.

Төрткүл дүние көз тіккен қаладан алған әсерім ұшан-теңіз. Барлық елдердің көрмелері де ұнады. Шар секілді алып ғимараттың жеті қабаты күн, биомасса, жел, су энергиясына арналған. Ал, сегізінші қабатындағы «Астана – болашақтың қаласы. 2050» атты экспозиция келушілерін таң-тамаша қалдыруда. Отандық «Нұр әлем» павилионы өзінің бірегейлігімен көз қызықтырады. Өтіп жатқан көрменің қай жағынан алып қарасақ та еліміз үшін пайдасы ұшан-теңіз екені анық. Әсіресе, катарлықтардың «Жаңа энергетикалық көкжиегі», Израиль павилиондарының «Жасампаздық энергиясы», Араб елінің таңғажайып туындылары да ерекше. 2020 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде өтетін ЭКСПО көрмесі мен Қызыл (Марс) ғаламшарына  виртуалды саяхат жасап, күннен энергия алатын саябақты да тамашаладық.  Айта кетелік, ел жүрегі – Елордадан ерекше керемет әсермен оралдық.

Мұхаммед-Әли МЕДЕТҰЛЫ,

М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің оқушысы.