Б.Ізмұхамбетов: «Бөкейліктер осындай қонақжай халық»

Алтыншы шақырылымдағы Парламент мәжілісі депутаттарының аймақтарды аралап жүргенінен теледидар арқылы хабардар бөкейліктер  13 шілде күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов және Абай Тасболатовпен кездесті.

 

Кездесуді ашып, мәртебелі қонақтарға қош келдіңіздер айтқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерді орындаудағы бөкейліктердің іс-қимылы туралы баяндады. Мәжіліс депутаттарының әңгімелері де осы төңіректе өрбіді. Ел төріндегі халық қалаулыларының заң шығару істерінен, өздері мүше болып табылатын халықаралық қатынас және қорғаныс комитетінің жұмысынан мәліметтер берді, іссапарларының мақсатынан хабардар етті. Жұртшылықтың өтініш-тілектерін тыңдауға, сұрақтарына жауап қайтаруға әзер екендіктерін жеткізді.

Нарын құмының бір пұшпағында, Ресейдің көршілес Қарабала (Харабали) ауданында (Астрахан облысы) туып-өскен, Батыс Қазақстан облысы әкімі болған кезінде өзінің жеке бастамасымен Бөкей ордасына табиғи газ құбырын тарттыруды қолға алып, жүзеге асырған Бақтықожа Салахатдинұлы бүгінгі жүздесуге қуанышты екенін айтты. Анабір қиын жылдарда Қарасу елді мекеніндегі (Орда округі) құдаларына келгенде, қайтар жолда адасып, күздің қара суық жаңбырлы түнінде бір ауылға (Бисенге) тап болып, жарығы жылтыраған үй иесінен қонуға рұқсат сұрағандарын еске алды. «Түн ортасы болса да, отбасы бейтаныс жандарды құрақ ұша қарсы алып, шәй әзірледі. Ертесіне де құрметпен шығарып салды. Міне, бөкейліктер осындай қонақжай, бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып беретін халық»,-деді мәртебелі мейман. Ардақты азамат мемлекеттік қызметке араласқалы бері байқаған Елбасының іскерлік, тапқырлық, көрегендік қасиеттері хақындағы әдемі естеліктерімен де бөлісті.

  • Өзім әскери адам әрі генерал болғандықтан, тұңғыш қазақ генералдарының Отанын көруге ынтық едім. Сондықтан да Бақтықожа Салахатдинұлының сапарлас болу жөніндегі ұсынысын қуана қабылдадым,-деген Абай Бөлекбайұлы жерлестеріміз Ғұбайдолла Жәңгіров пен Шәкір Жексенбаев жайлы тым жақсы білетінін аңғартты. Жастарды әскери патриоттық рухта тәрбиелеуді көбірек қозғаған ол сөзінің соңын да ұрандата аяқтады.

Кездесуде сөйлеген аудандық аурухана дәрігері Нәсіп Нүркенова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудан жастарымен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Исатай Құрмашев Нарын өңіріне табиғи газ құбырын тартудағы Бақтықожа ағамыздың еңбегін ерекше атап көрсетіп, тұрғындардың зор алғысын білдірді. «Құмның қу шоқысына көгілдір отын жеткізген Сізге ауданымызда ескерткіш орнатылса да артық етпейді деседі бөкейліктер»,-деді Тілеген Керейұлы. Бұл халықтың шынайы көңілден шыққан шексіз ризашылығы еді.

Кездесуге мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Айдар Батырханов, тарих ғылымының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков қатысып отырды.

Каримолла ҒАЙСИН.

Суреттерді түсірген Раушан БАҚЫТОВА.