Дала өрті өршіп тұр

Ауданымызда бір айдың ішінде (19 маусым – 19 шілде аралығында) оншақты дала өрті орын алды. Бұл жайында бізге мәлімдеген аудандық төтенше жағдай бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бахтияр Катчековтен  оның әрқайсысына  жеке-жеке тоқталуды өтіндік.

 

– 19 маусым күні Орда ауылдық округінде дала өрті болып, 5 қыстақтың жерін (жалпы көлемі 132 гектар) қамтыды,-деп бастады әңгімесін Бахтияр Бауыржанұлы.  – Кешке таман (сағат 20:00 шамасы) будақтаған түтінді көзі шалған шарушылық иесі Асан Кенжеғалиев дереу орманшыларға телефон шалады. Олар  №29 өрт сөндіру бөліміне (бастығы Қуанышбек Еркінәлиев) хабар береді. Өрт сөндірушілерге округтегі ерікті өртке қарсы құрам (ЕӨҚҚ) тобы да қосылып, әупірімдеп жүріп сөндіреді.

Арада екі күн өткенде Сайқын ауылдық округінің «Қызылжар», «Жамантау» жағынан тұтанған от мұнда да 5 қыстақтың төңірегін (235 гектар) шарпыпты. Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдай жөніндегі бас маманы Асылбек Ерешев пен округ әкімі Мейрамбек Аққалиев бастаған ЕӨҚҚ жігіттері хабар түскен бойда оқиға болған жерге аттанады.

Әйтеуір, мал-жан аман ғой?

– Адамдар аман,-деді Б.Катчеков. – Саралжын ауылдық округінде 6-7 шілдеде (ел Астана күнін тойлап жатқанда) үлкен өрт болып, Құрманкөл қыстағында қорада тұрған 25 ешкі тірідей жанып кеткен. Молжыра, Лайкөл, Шүкір, Бозкөлмек, Қызылой, Керебай, Бескөл, Мұстахи қыстақтарындағы шабындыққа да орасан зор залал келді. Саралжындықтардың ұйымшылдықтары, бірлесе қимылдаулары нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды.

Бұдан әрі шілде айындағы дала өртін тізбектеген төтенше жағдай бөлімі өкілі Сайқын ауылдық округін жиі ауызға алды. Мұнда 8 шілдеде 263 гектар, 13-інде 358 гектар, 17-18 шілдеде 430 гектар, ал, 19-ында 362 гектар жайылымдық-шабындық жер күлге айналған. 13 шілдеде Ұялы ауылдық округіндегі өрт 4 қыстақтың 155 гектар жерін жалмаса, 15-16 шілдедегі өрт Т.Масин, Ұялы, Орда ауылдық округтерінің құм өңіріндегі 23 қыстақтың маңын, мыңнан астам гектар жердің шөбін жалмап кеткен.

Күннің ысуынан өздігінен тұтанатын шым тезек (торф) біздің жақта жоқ. «Ұшқыннан жалын қаулайды» демекші, оттың шығу себептері анықталды ма?

–  Әзірге жоқ. Күдіктенер жанды ешкім кездестіре алмауда. Жердің жанып жатқанын байқағандар бейсауат жүрген ешкімді көрмейді.

Иә, бұлтартпас дәлел табылмаған соң, кімге кінә артарсың?! Әйтсе де, даламызда аузынан от шашқан айдаһар жүрмеген шығар. Не болса да кісіден, яки, адам тізгіндеген техникадан кеткен болар… Мүмкін, шылымнан…

Әзірше, сұрақ көп, жауап жоқ. Ал, өрт өршіп тұр.

Каримолла ҒАЙСИН.