1.08.2017, 11:41
Қараулар: 346
Қауіп-қатер аяқ астында

Қауіп-қатер аяқ астында

Жаз шығып, күн ысығалы көл мен өзенге шомылуға баратындар қарасы көбейе түсуде. Суға түсіп рахаттанған адамдар кейде өмірлеріне жауапкершілікпен қарауды, сақтық шараларын сақтауды ұмытып кететіндей. Әрі оқыс оқиғалардың орын алу себебі, рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу және балалардың бақылаусыз қалуы немесе ересектердің мас күйінде болуы.   Биыл Батыс Қазақстан облысында адамдардың суға кетуі жиіленгені байқалуда. Маусым айында Орал қаласына барған сайқындық бойжеткен, ал, шілде айында бисендік бозбала сол «тілсіз жаудың» құрбаны болды. Өңірімізде су жоқ болса да, жылына екі-үш адам осылай шетінейді. Мүлде жүзуді білмейтін ауыл балаларының топтан қалмай ағысқа қойып кетуі артын ойламағандық қой. Айта кететін жағдай,  қайтыс болған жасөспірімдер осы жылы мектеп бітіріп, арман арқалап, яғни, жоғары оқу орнына құжат тапсыруға барған талапкерлер. Үлкен арман жолына жаңа аяқ басқанда ойланбай жасаған оқыс қадамдары өмірлерін қыршынынан қиды.

«Сырын білмегеннің, сыртынан жүрме» деген қазақ даналығы бекер емес. Суға түскенде алдымен қауіпсіздік ережесін біліп, оны тиісті дәрежеде сақтау шарт. Малти білетіндердің өзі жағадан ұзамай, қарымын ескеруі тиіс. Шаршап, не денесі құрысып қалса, дереу көмек шақырғандары абзал. Белгіленбеген, рұқсат етілмеген жерге шомылуға, сүңгуге мүлде болмайды. Үлкендердің балаларды бір сәтте қараусыз қалдырмауы тиіс. Қайықпен, катамаранмен серуендеген кезде батырмайтын желет киіп алғанның, құтқару құралдарының дайын тұрғаны еш артықтық етпейді. Жалпы, «сақтансаң, сақтармын» қағидасын естен шығармайық, ағайын!

Анарбек БЕЛИСАНОВ,

аудандық орталық ауруханасы

директорының орынбасары.

 

Тіршілік түйткілдері

Басқа да мақалалар