Қызықты өткен үш күн

р-0196

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі ашылғалы бері  көптеген шетел азаматтары, еліміздің тұрғындары Астанаға бет алғандығы жайында айтылып та, жазылып та жатыр. «Аджип Қарашығанақ Б.В.» компаниясының демеушілігімен сол көрмеге ауданымыздан баратын 6 оқушының арасында өзімнің бар екенімді есту мен үшін күтпеген жаңалық болды. Осылайша, облысымыздың әр түкпірінен жиналған 75 оқушының құрамында бас қалаға аттандым. Онда өткізген үш күн ұмытылмас әсер сыйлады.

Астанаға жетісімен өз мемлекетіміздің көрмесін көруге асықтық. Онда тек жетістіктер ғана емес, талай қандасымыздың жазылмас дертіне, өмірінің ерте үзілуіне себеп болған полигон зардаптарына да орын берілген екен. Бұл тақырып біздің өңірге тым жақын болғасын ба, мен ол туралы мағлұматты зер сала тыңдадым. Әрине, өзге елдердің мәдениеті, ғылымдағы жетістіктері, олардың салт-дәстүрлері мен киім ерекшеліктері бәрі-бәрі қызықтырды. Бір күнде тұтастай әлемді аралағандай болған біздер қанша танымдық мәліметтерге қанықтық десеңізші?! Айтылғандардың дені көз алдыңда көрсетіліп жатқанда тіптен өзгеше әсер береді екен. Әлемге танымал «Дю солей» циркінің акробаттарының іс-қимылдары қорқынышты болса да, өте қызғылықты. Бұл сапарымызда тек көрмені ғана емес, қаланы да біраз араладық. Жоғары оқу орындарымен де таныстық. Н.Назарбаев университетінде білімін жетілдіремін деген әр студентке мейілінше мүмкіндіктер туғызылған екен.

Оралға келген соң, жолдама ұсынған компания өкілдерімен кездесіп, көрмеден алған әсерлерімізбен, көрген-түйгенімізбен бөлістік, алғысымызды да жеткізуді ұмытпадық. Балаларға бақыт сыйлайтын осындай ұжымдар көп болғай.

Жасмина БАЙБОЛАТОВА,

М-С.Бабажанов атындағы орта

мектептің 10-сынып оқушысы.