1.08.2017, 12:27
Қараулар: 364
Экспедиция Хан ордасына келді

Экспедиция Хан ордасына келді

Ресейдің Орынбор облысынан басталған «Жайық-Орал» Қазақстан мен Ресейдің бірлескен ХХІ экспедициясы биыл өңіріміздің мәдени-рухани орталығына айналған Хан ордасы ауылында  өз мәресіне жетті.

 

Жылдан-жылға тартылып бара жатқан Жайық өзенінің жағдайына биліктің, бұқараның назарын аудартуды, көршілес екі елдің басын біріктіріп, шекаралық аймақтағы апатты жағдайды бірлесе шешуді, оның алдын алу жолдарын ұйымдастыруды көздеген аталмыш тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық және туристік экспедицияның судан құрлыққа шығуы бұл сапардың ерекшелігі болса керек. Экспедицияның өткен жылғы басты жетістігі – екі ел басшылары «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі» келісімшарттың жобасына қол қойылғандығы екендігін әңгімелеген  Орынбор облыстық мәдениет және сыртқы істер министрлігінің халықаралық қатынастар басқармасы басшысының орынбасары Кузнецов Сергей Иванович биыл «Жайық (Орал) өзені күні» белгіленгендігін аса құрметпен жеткізді. Экспедицияны бастап келген Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және демографиялық-отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко Елбасының «Туған жер» бағдарламасымен үндесетін бұл ауқымды экспедицияның осынау киелі мекенде түйінделуі оның тарихи құндылығында дей келе, екі ел арасындағы ежелгі достық, бауырластық байланысты кейінгі ұрпаққа насихаттап, оның жалғаса беруін аманаттау үлкендер парызы екендігіне тоқталды.

Құрметті меймандар Хан зиратына аялдап, бабалар рухына тағзым етті. Хан Жәңгір мен оның сүйікті жары, Орынбор мүфтиінің қызы Фатима ханша жайлы, Орынбордағы кадет корпусын тамамдап, талай биіктерден көрінген ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов және күй өнерінде айшықты орын алған Дәулеткерей хақындағы мәліметтерге қанығып, осы топырақта медицина саласында қызмет етіп, ауру себептерін анықтау жолында өзін пида еткен дәрігерлер Николай Шабалин мен  Александр-Ольга Михайловтардың  бейітінде болды. Айта кету керек, өзгелерде емес, дәулескер күйшінің кесенесіне құстардың көптеп ұя салып, әрі меймандарды өзіндік үйлесім тапқан әуенімен қарсы алуын біз өнердің киелілігі деп ұқтық.

Ал, Хан ордасына енген соң қонақтар елінің болашағы үшін өмірлерін қиған, нақтырақ айтсақ, азамат соғысы жылдарында қаза болған 80 ерге арналған «Бауырластар зиратына», Кеңестер Одағының Батыры, жерлесіміз Мәншүк Мәметованың ескерткішіне,  Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлестердің мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Бұл құрметке Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және демографиялық-отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Тарасенко Елена Ивановна, қоғам қайраткері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, ҚР Парламенті сенатының депутаты, қазақтың тұңғыш генерал қызы Айтпаева Сәуле Мұханбедианқызы, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы, Орынбор қаласы басшысының орынбасары Шувакин Антон Викторович және аудан басшысы Рахымжанов Нұрлан Сағынтайұлы ие болды.

Жазиралы жазық даламен жүріп келіп, құм Нарынның шетіне іліккен сәтте нулы орман қоршаған ауылға тап болып, оның тереңге тартқан тарихына тәнті болған Орынбор қаласының тұрғыны, туризм спортының шебері,  Ресейдің еңбек сіңірген саяхатшысы, жетпіс төрт жасар Фесенко Александр Петрович рухани құндылықты жоғары қойып, бабалар еңбегін елге паш етіп жүрген бөкейліктерге ыстық ықыласын білдірді.

Одан кейін Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің бес музейіндегі экспонаттарды тамашалаған экспедиция мүшелері дөңгелек үстел басында да тұңғыштар мекені – Хан ордасын көру мүмкіндігі бұйырғанына риза болысып, аудан басшылығы мен мұражай ұжымына өз сый-сияпаттарын ұсынды. Осы ретте, аудан басшысы Нұрлан Сағынтайұлы көпке сыйлы қадірменді қария Жайсаң Ақбайға Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы төсбелгісі мен лентасын табыстады.

Раушан БАҚЫТОВА.

Экспедиция

Басқа да мақалалар