1.08.2017, 14:33
Қараулар: 347
Іске қарқын керек

Іске қарқын керек

«Сайқын ауылының су құбыры құрылысына 37 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс материалдары алынып, бұл жұмыстарды 2017 жылы жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 110 млн. теңге қаржы қаралды».

 

 

 

 

 

 

 

Бұл жолдар аудан әкімі Н.С.Рахымжановтың биылғы 2 ақпанда берген «Ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ағымдағы жылға арналған міндеттер туралы» есепті баяндамасынан алынып отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша өткізілген тендерді жеңіп алған облыс орталығындағы «АльфаСервисСтрой» ЖШС-і жігіттері көктем шыға, дәлірек айтсақ, наурыз мерекесі қарсаңында Сайқынға алғаш табан тіреген-ді. Бұл күнде 4 жер қазу тракторы (эксковатор), 2 кран, 2 «КамАЗ» және 40-қа тарта адам шұңқыр қазу, астын тегістеу, полиэтилен құбыр салу, сақиналы құдықтар орнату сынды жұмыстарды жүргізуде.

– Жоспар бойынша тартылатын 50 шақырымдай ауыз су желісінің 19 шақырымы трассалық жүйе,-деді істің барысымен таныстырған учаске басшысы Асхат Махметов. – Ауыл ішіне бұрын да бірнеше мәрте су құбыры тартылған  екен. Бірі картаға түссе, бірі түспепті. Құбыр түрі де сан алуан. Қайсыбірі көшенің қақ ортасымен жүргізіліп, құдығы көше айрығының (перекрестоктың) кіндік нүктесіне дәл келіпті.

Оралдықтар сол құдықтардың үстінен (мысалға Жангелдин көшесінде) грейдерлі жол салып, тапап өтсе, екіншісінің қақпағын (Насимоллин көшесінде) айналып өтіп жүрген сайқындықтардың «ерлігіне» (мүмкін жауапсыздығына) таң қалғандай. Көңілге демеу боларлық жай, соңғы салынған полиэтилен құбырлар әлі де кәдеге (пайдалану мерзімі 50 жыл) жарамды екен. Сондықтан ол көшелер толық қазылмай, тек құбыр үстіне сақиналы құдықтар орнатылатын көрінеді.

– Жұмысшыларымыздың біразы осы ауылдың тұрғындары. Қарқын жаман емес. Ұзақ жолдың зардабы ма, әлде, климатқа көндіге алмауда ма, техникаларымыздан ақау әлсін-әлі білініп қалады,-деп сөзін жалғады Асхат Рахметқалиұлы. – Сақиналы құдықтардың төңірегі болмаса, қазылған жердің топырақтары көмілуде. Рас, бір тұрғын «водовоз аулама кірер жол таппай, су құйдырта алмай отырмын» деп ауыл әкіміне шағымданып, әкім бізге хабарлап, ол мәселені шешіп бердік. Тікелей өзімізге шықса да істейміз ғой. Қолдан келер көмегіміз аяусыз. Кеше бір тракторымыз аудандық мәдениет үйі алдына орнатылар ескерткіштің іргетасына арнап шұңқыр қазып берді.

«АльфаСервисСтрой» ЖШС-інің Сайқындағы жұмысы екі жылға есептеліпті. Әр тұрғынның ауласына су құбырын жеткізумен қатар, олар жаңадан биіктігі 18 метр, сыйымдылығы 80 текше метр су мұнарасын тұрғызып, жаңа су айдау станциясын салып бермек. Учаске басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Егізбаев, Бөкейханов, Оразбаева, Шағыров, Қазақстан көшелеріне құбыр төселген. Жоғарыда мәлімдегеніміздей, әр жердегі сақиналы құдықтардың айналасындағы тау-тау топырақтар ғана жүргіншілердің жолын бөгеуде. А.Махметовтің әңгімесінен түсінгеніміз, құбырларды ауа қысымымен тексеріп, жалғамайынша ол «таулар» жататын сыңайлы. Және бір көңілімізге кірбің ұялатқаны – бұл мекеменің істі аяғына дейін жеткізбейтіні, яғни, суды үйдің ішіне кіргізбейтіні. Ауладағы колонкадағы су қыста қатып қалатындықтан, ішке өткіздіріп алған тиімді емес пе? «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайтыны» неге ескерілмеген?

Осы орайда, сонау бір жылдары тұрғызылған «су дүңгіршіктері» еріксіз еске түседі. «Иран аға Дәуленов бастаған үлкендер бұл жобаға келіспей, одан да ол қаржыны газге (көгілдір отынға қол жетпеген шақ қой) салайық депті»,-деседі білетіндер. Су дүңгіршіктері мықтағанда бірер жыл жұмыс істеген шығар, кейін жабылып қалды. Желге ұшқан қаржыны кім санапты…

«АльфаСервисСтрой» ЖШС-інің Сайқын учаскесіндегілердің жұмысы бейне кеңсе қызметкерлерінің кестесіндей. Таңғы сағат 8:30-да басталып, арадағы 2 сағаттық үзіліспен 18:30-да аяқталады. Жазғы науқанда таңғы, кешкі салқынды пайдалануды қалалықтар білмейтін де шығар.

Сөзіміздің тоқетері: іске қарқын керек. Келер жылдың тамызында бітіруді межелеп отырған орындаушыларды асықтырмасақ, жүргіншілерге кеселдік келтіріп тұрған тау-тау топырақ «қыстап» қалуы ғажап емес. Ал, сайқындықтар ауыз судың үйге кіргізілуін асыға күтуде.

Каримолла ҒАЙСИН.

Суреттерде: учаске басшысы Асхат Махметов (сол жақта) пен

бригадир Ерлан Жарманов объект басында және көшелердің қазіргі келбеті.

Су – тіршілік нәрі

Басқа да мақалалар