Бұдан бес-алты жыл бұрын Бисен ауылына бардым. Қайтарда мен мінген көліктің жүргізушісі ауылдан шыға бере тоқтап, жол шетіне қойылған шағын жәшікке ақша салды. Бұл анадай жерде биік терек жанында тұрған Қабдыбек атаның бейітіне тағзымдары екен. Осы арадан өткенде жүргіншілердің техникаларынан ақау шығып, кейде оқыс оқиғаға, апатқа ұшырайтындықтан, бисендіктер сынықшылығымен аймаққа танылған атаның аруағына арнап орнатқан жәшік екенін жүргізуші жігіт мақтанышпен жеткізді. Содан бері жолаушылардың сапары оңғарылыпты.
Қабдыбек Сәтбақовты мен алғаш 5-сыныпта оқып жүргенде көргенмін. Ол кезде біз Жәнібекте тұратынбыз. Бір күні астында «ГАЗ-51» жану-жағармай таситын машинасымен Қабекең қария келді. Әкеммен ертеден таныс, дос екен. Домбыра тарта бастағаныма бір жылдай болса да, 4-5 күйді әп-әсем үйреніп алғанмын. Сонымды мақтаныш етеді ме, әлде мені қолпаштап көтермелегісі келеді ме, үйге мейман бас сұқса, әкем маған домбыра тарттыратын. Бұл жорықта да солай болды. Барымды салып, Құрманғазының «Адайын» орындап шықтым.
– Оһо, жарайсың!.. Хатиолланың балаларынан кем түспейтін түрің бар,-деп арқамнан қағып қойды Қабдыбек ата.
Хатиолланың руы құлсүйіндік, әкемнен жасы үлкен, балалары Аяш (Айғали), Бисақа (Бисенғали) өңірге танымал домбырашылар. Қабекеңнің өзі де тым жақсы домбырашы екен, нақышына келтіре біраз күй шертіп, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Бертін келе онымен жұмыстас болған, қатарлас жүрген жандардан аңызға бергісіз әңгімелерді естідім.
1914 жылы Қаракөл-Шоңайда дүниеге келген Қ.Сәтбақов 1941 жылы майданға алынып, Украина жеріндегі ұрыстарға қатысады. 1944 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Бас көтерген ер-азамат соғыста, шаруашылықтың бар ауыртпалығы әйел, бала-шаға мен кәрі-құртаңның мойнында. Қабекеңе егіс бригадирі міндеті жүктеліпті. Үнемі кешігіп жүретін кердеңдеген бір әйел бірде жұмысқа мүлдем шықпай қойыпты. Жерді метр жарымдай қазып, төбесін шөппен итарқалап жапқан «көрана» аталатын жеркепеге келіп, есігін (есігі жер бетінде, ішке баспалдақтап қазылған жолмен кіреді) қақса, «Шықпаймын, маған не істейсің?»,-депті ол. Қабекең атын тізерлетіп, ішке енгенде: «Кешір, көке!»,-деп алдына түсіп, томпаңдапты әлгі.
Ал, мына бір жай «Аралсор» маңында болса керек. Көлденеңдеп алдын кесіп өткен қос киікті Қабдыбек ата «ГАЗ-51» көлігімен қуа жөнеледі. Бар жылдамдыққа (шамамен 85-90 км/сағ. болар) салып, енді жеттім бе дегенде, киіктер зым-зия. Не болғанын түсінбей қалған ол сәлден соң машинасының ауада қалықтап келе жатқанын сезеді. Есін жиғанша көлігі сайдың батпағына тұмсығымен шаншыла барып, секіріп, бір қырына аунай түсіп, цестерна тіресе керек, қайта түзеліп, төрт аяғымен тұрып қалады. Осының бәрі санаулы секундтар ішінде өтеді. Кабинадан шығып, төңірегін бажайлайды. Көлігі дін аман, тек цестернаның артқы шетінің үсті ғана майысыпты. Екі киік анадай жерде батбаққа малтығып жатыр. Ол байғұстар да, көлігі де жазғытұрғы қар суы жырып кеткен сайдың қабағынан шалшыққа секіріпті. Киіктерді олжалап, әупіріммен сайдан шығып (шамасы біраз уақыт өтсе керек), кеңшарға қарай келе жатса, алдынан екі-үш машина (ішінде директор да бар) қарсы ұшырасады.
–Апырай, тірісің бе? Сені машинамен сайға құлап, мерт болды деген соң сүйегіңді жинап алуға шыққанбыз,-десіпті ауылдастары. Сүйтсе, сайдың қарсы бетіндегі шалаштан киік қуған бір машинаның бар екпінмен келіп, ұмар-жұмар сайға құлағанын көрген жылқышы орталыққа хабар беруге шапқан екен.
«Шынында да, өзге пенделердің бірі болса, ана жерде күл-талқаны шығары, тіл тартпай кетері хақ,- деседі куәгерлер. – Қабдыбекті аруақтары сақтап қалған ғой».
Иә, Қабекең қандай қирап қалғанды да қалпына келтіретін сынықшы еді. «Өзі орта бойлы, қапсағай денелі болғанымен, «газонның» маторын бір қолымен қолтықтап жүре беретін»,-деп еске алатын кеңшарда автомеханик болған Жақсылық Әжіғалиев.
…1973 жылы 4 маусымда Қабдыбек ата Жәнібек ауылының Жәнекешев көшесіндегі №111 үйге ат басын тіреді. 4 тонналық жану-жағармай таситын көлігі лық толы. Әкем қатты науқастанып жатқан. Қатерін сұрап, біраз отырған соң ауладағы екінші үйге алып бардым. Шайдан кейін де әңгімелесіп, домбыра тартып көп отырдық. Қабекең асығар емес. Әкем қысылып жатыр деген соң екеуіміз үлкен үйге барып, дәрігер шақыртып, екпе жасатып келгенде де қайтуға жинала қоймады. Кешікпей анам жылап келіп, әкемнен айырылғанын жеткізді. Бәрімізді сабырлылыққа шақырып, байыппен көңіл айтқан Қабдыбек ата көлігінің кілтін ұсынып, атқарылуға тиісті шаруаларға кірісуге кеңес берді. Содан қарасы, үші рәсімдерін өткізгенше інім Жамелитден екеуіміз Қабекеңнің көлігін кезектесіп айдап, бар жұмысты тындырдық. Шыжыған ыстықта бензин толы машина бес күн бойы бізге қызмет етті. Бұл күндері ойлап отырсам, арқалы жан досының шаңырағына түсер ауыртпалықты алдын ала сезіп, отбасымызға болысу үшін аялдаған екен-ау?! Сөйткен Қабдыбек ата 1977 жылдың 21 қаңтарында, Пайғамбар жасында дүние салыпты. Артында Нәрегей есімді ұлы мен Бәтима атты қызы қалды. Нәрегейден өрбіген Кәкима, Құрманбай, Сәрсенбай, Күлмай, Гүлдерай деген немерелері Бисенде көрінеді. Ал, олардың арасынан ата аруағы қайсысына қонды, оны білмедім. Мүмкін, қазақтың қос ішектісін серік ететіндері бар шығар. Маған оның домбырашылығы да ерекше ұнайтын.
Айтпақшы, ата бір келгенде, екеуіміз қос домбырамен күй шертісіп отырғанда, ұнаған біреуін «Бала, мынау менікі болады»,-деді. Қарсы келер жай бар ма!? «Алдыңызда болсын»,-дедім. Бірақ, сол жорықта ол домбыраны алған жоқ. Күзге салым әйелім екеуіміз терезелердің сыртын қымтап, сырлап жатқанымызда: «Жұмыстарыңды тоқтатпаңдар, ішке кірмеймін. Қалаған домбырамды әкеліп берсеңдер болғаны»,- деді. Әйелімді жұмсадым.
– Келіннің қуын қара! Нашарлауын тықпалап жатыр,-деп күлді. Өзім барып қалаған домбырасын әкеліп бердім.
– Міне, осы!-деп күйін түсіріп, бір-екі шертіп жіберді де, ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып, кері жүріп кетті. Атаның ол мүлкі ұрпақтарының біреуінде сақтаулы болар деп үміттенемін.
Менің Қабдыбек ата туралы көрген-білгенім осы. Артық-кемін толықтырып, ол кісі туралы әрлі әңгіме айтатын жерлестері табылып жатса, тіптен құба-құп. (Менің толық мекенжайымды редакциядан білуге болады – автор).
Қайреден ЖҰМАШЕВ,
зейнеткер, еңбек ардагері.
Тасқала ауданы.
Суреттерде: сынықшы Қабдыбек қария және ол жерленген қорым.