Қаламқас қалаған мамандық

Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына қалам ұстатып, «Әліппе» үйреткен алтын ұясына шәкірт емес, мұғалім ретінде келген Қаламқас Ерғазиева бүгінде Жәрмеңке бастауыш мектебінде шет тілінен сабақ береді.

 

Кішкентайынан кітап-журналдарға құмар болып өскен оның ағылшын тіліне қызығушылығы жоғары сыныптарда ояныпты. 2005 жылы М.Мәметова атындағы орта мектепті бітіріп, Орал гуманитарлық колледжіне оқуға түседі. Мақсаты айқын, талабы таудай бойжеткен колледждің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Білдей бір мамандық иесі атанған қыз Жәрмеңке бастауыш мектебі жанындағы «Балапан» шағын орталығында  «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасымен алты ай сынақ мерзімінен өтіп, жақсы жағынан көріне біледі. Бұл оның негізгі еңбек жолының бастамасы еді. Білімқұмар бойжеткен аталмыш орталықта қызметін атқара жүріп, педагогикалық жоғары оқу орнын да тамамдайды. Ұстаздық даңғыл жолға біраз төселіп, шәкірттерінің жүрегінен жол таба білген ол:

– Бала кезімде қуыршақтарымды тізіп қойып, сабақ оқытатынмын. Өзімше мұғалім болушы едім. Сәби қиялымның өсе келе мақсатқа айналғаны да сол болар. Сабақ оқытып жүріп, балалармен де әңгімелесіп, бірге ойнап, мәз-мейрам болып жатамыз. Кішкентай жүректерге еліне деген махаббатты ұялатып, білгеніңді үйретіп, болашақтан өз орнын табуына жөн сілтеп жүргенге не жетсін?!-дейді жас маман.

Өзінің келешегін шәкірттерінсіз елестете де алмайтын замандастың мамандығы – мұғалім, ал, ұстаздық қасиет жүре келе қонғанға ұқсайды.

Әділет ӘБДІРОВ.

Жәрмеңке ауылы.

Сайқын ауылдық округі.