Көмек берушілер көбейді

 

Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Үш ай бойы емін-еркін демалған оқушыларды мектепке әзірлеу де  үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тамыз айының соңына қарай мектеп жасындағы баласы бар әрбір ата-ананың қарбалас күй кешетіні жасырын емес. Әсіресе, бір отбасынан  екі-үш бала оқитын жанұяларға тіптен қиын. Үкілеген үмітінің қатарынан кем қалмай, сабаққа әп-әсем болып баруын кім қаламайды дейсіз?! Әрине, қолындағы жарты құртты жарып, бүтінін бөліп жейтін кеңпейіл халқымыз қайырымдылықтан сырт қалып жатқан жоқ. Енді әңгімемізді тарқатып айтсақ…

Сайқын ауылдық округі әкімі аппаратының  бас маманы  Гүлайым Мәдиеваның мәліметінен білгеніміз, «Мектепке жол» акциясы аясында  көмекке мұқтаж 22 отбасы баласына әзірге 26 мекеме, кәсіпкерлер қолұшын созып, мектеп құралдары мен киім-кешек алып берген. Оның ішінде, жеке кәсіпкерлер Ш.Хайрошева  мен Е.Исалиев 22 отбасының 63 баласына 86 мың теңгенің киім-кешегін және 12 мыңның оқу-құралын алып берсе, Бөкей ордасы колледжі – 24000, аудандық балалар саз мектебі – 10000, 2036 шекара бекеті – 105000, аудандық аумақтық инспекция – 10000, «ҚазТрансГазАймақ» – 12000, ішкі саясат бөлімі – 7000, АЭТ – 20000, «ҚазСуШар» – 36500, ветеринарлық станция – 5000, ветеринариялық бөлім – 9000, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы – 12000, фитосанитария – 6000, аудандық мұрағат – 5000, ішкі істер бөлімі – 28000, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – 14000, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық – 5000, ауыл шаруашылық бөлімі – 10000, балалар техникалық шығармашылық орталығы – 10000, кірістер басқармасы – 13000, аудандық аурухана – 82000, «Қазақтелеком» – 12000, қорғаныс бөлімі – 14000, ППТК – 10000, аудандық мәслихат – 10000, халықты жұмыспен қамту орталығы – 12000, әділет басқармасы – 5000, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы – 7000, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – 20000, ветеринарлық зертхана – 15000, өрт сөндіру бөлімі – 15000, Сайқын ауылдық округі әкімшілігі – 13000, мектептен тыс тәрбие орталығы – 15000, «Ер Төстік» ясли-балабақшасы – 40000, туризм және экология орталығы – 15000, ТҮКШЖК және автомобиль жолдары бөлімі – 10000, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі – 10000, экономика және қаржы бөлімі – 15000, аудандық «Орда жұлдызы» газеті редакциясы – 7000 теңге  көлемінде қаржылай көмек берген.

Дегенмен, бұл қайырымдылық акциясы әлеуметтік жағынан аз қамтылған  жанұя мүшелерінің бір мезгілдік қажеттілігін уақытша өтегенімен, жалпы, бұл қолдауды «Әкеден мұраға қалған меншіктей» көріп, құзырлы органға тепсіне енетіндер де кездесіп қалып жатады екен. Өзегін жарып шыққан сәбиіне мейлінше қамқорлық жасау әр ата-ананың міндеті десек те, кейде жұмыс жасап, табыс табуға құлқы жоқ ер-азаматтар қатары азаймай тұрғаны ойландырмай қоймайды. Мемлекет те  жұмыссыздықты болдырмау бағытында түрлі бағдарламалар қабылдап жатқанымен, үйде отырып әлеуметтік көмек алуға еті үйреніп кеткендер саны кемімеуде.

Осыдан бір-екі жыл бұрын қыркүйек айы қарсаңында «Балама қашан киім алып бересіздер?» деп редакцияға екі-үш мәрте бас сұққан ата-ананы да көргенбіз. Сайқын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Г.Мәдиева да кейбір ата-аналар: «Мен балама мынандай киім кигізбеймін, қымбаттауынан алып беріңдер!»,-деп сес көрсете келетінін де жасырмады. Тіпті, анада бір ата-ананың «Мынау сөмкелерің не?» деп (шамасы арзандау материалдан тігілген болса керек) лақтырып кеткенін де естідік. Сонда дейміз-ау, қолындағы барын ұсынып жатқан қайырқом жандардың жазығы не?!

Тағы бір көптің көкейіндегі мәселе – аудан орталығында мектеп формасын сататын не тігетін орынның жоқтығы. Көбісі ұл-қызын жаңа оқу жылына әзірлеу үшін алты жүз шақырымдық жол жүріп, облыс орталығынан киіндіруге мәжбүр. Тек барып-келу құны он мың теңге тұратын бұл сапар кім-кімнің де қалтасына оңай соқпасы айқын. Осы мәселенің шешілуіне құзырлы органдар мен жеке кәсіпкерлер бірлесе атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.

Гүлнар ТҰРСЫНТЕГІ.

 

***

 

Жылма-жыл дәстүлі түрде жалғасын тауып жатқан «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясының шарапатын біздің ауылдың мектеп жасындағы балалары да көруде. Жаңа оқу жылының қарсаңында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте оқитын Н.М.-ға оқу-құралдарын алып беріп, демеушілік көрсетті. Оның анасы бөлім бастығы, азаматтық қорғау майоры Т.Апақаевқа және ұжымның барлық мүшелеріне ризашылығын білдіріп, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тіледі.

Есен ТЕМІР.