Алимент те бір міндет

Қоғамда шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – алимент төлеуден жалтарып жүрген безбүйрек әкелер. Олардың қатары жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес. Әрине, өмір болған соң, түрлі жағдайлардың орын алары шындық. Соның кесірінен ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылып жатады. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне ерегісіп, ортақ шешімге келе алмауы ажырасуға әкеп соғатын негізгі фактор. Бұл жерде жазықсыз жапа шегетін сәбилер. Айта кетелік, кәмелетке толмаған бір балаға ата-ана жалақысы мен өзге де табысының 25, екі балаға 33, үш және одан да көп бала үшін 50 пайызы мөлшерінде алимент төлейді. Оны төлеуге міндетті адам белгілі бір мерзім аралығында жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін куәландыратын құжат тапсырылмаса,  орташа жалақы негізінде есептеседі. Бөкей ордасы аумақтық сот актілерін орындау бөлімінде 2017 жылдың басында 77 алимент өндіру бойынша 48 іске нүкте қойылды. 1 атқару өндірісі сот орындаушысымен толық көлемде аяқталса, 43 талап-арыз кері қайтарылып, 4-еуі қысқартылды.

Қазіргі таңда ауданымызда мемлекеттік сот орындаушысына 29 атқару өндірісі тіркеліп, 15-і борышкерлердің еңбекақыларынан ұсталынуда. Қалған 14-і өндіріп алушылардың пайдасына қарай шешілді. Жыл басынан жұмыссыз жүрген үш борышкер жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылып, бүгінде олардың берешектері де еңбек ақыларынан төленуде. Қарыз емес, парызын орындаудан бас тартып жүрген қашқын әке немесе аналардан алиментті мәжбүрлеп өндіру бағыты бойынша заң шеңберінде тиісті атқарушылық іс-әрекеттер жүргізілуде. ҚРӘҚБтК-ң 669-бабы негізінде 4 борышкерге әкімшілік хаттама толтырылып,  3-еуіне шектеу жазалары белгіленгенін де айта кетелік. Бұған қоса, күні бүгін ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы негізінде Бөкей ордасы аудандық ІІБ-іне 12 борышкерге қатысты қылмыстық хаттама жолданды.

Қорыта айтқанда, әрбір азамат пен азаматша алимент төлеу парыз екенін ұғынып, өз жауапкершіліктері мен міндеттерін естен шығармаса дейміз.

 Назгүл ШӘРІПОВА,

аудандық сот актілерін орындау бөлімі басшысы,

аға сот орындаушы.