Жан жадыратқан жолсапар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тамыз айының 20-26-сы күндері ауданымыздың бір топ ардагерлері Елордамызға сапарлап қайтты.

Делегация құрамына барлық ауылдық округтердің өкілдері енді. Атап айтсақ, мұратсайлық Каспи Жақатов, бисендіктер Қуаныш Есеев пен Ұмсынғаным Сисенғалиева, саралжындық Қаламқас Жасқалиева, ұялылық Мұхси Бекқалиев, бөрлілік Есенболат Шәпенов, ордалықтар Сейсен Байзонов,  Алтын Бисалиева, сайқындықтар Амантай Хамзин, Надежда Әменова, Бақыт Бекеева және аудан әкімдігінің өкілдері мен дәрігер  болды.

22 тамыз күні ардагерлеріміз Астана қаласына келіп, қонақүйіне орналасқаннан кейін Қазақстанның символына айналған «Бәйтерек» пен «Хан шатырына» барып, «Аялы алақан» композициясын көріп, естелік фотосуреттерге түсті. Екінші күн толықтай «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналды. Оны аралауды бөкейліктер кешеннің орталық элементі «Нұр әлем» павильонынан бастады.  Павильонның қабаттарына орналасқан көрмелерді аралап, 3-қабаттағы ағылшындық цирк акробаттарының өнерін тамашалады.  Сонымен қатар Сауд Арабиясы, Африка елдері, Жапон, Қытай, Малазия, Мысыр, Үндістан, Катар және басқа да елдердің павильондарында болып, белгілі бір энергия көзіне арналған видеоматериал, көрмелермен танысты. Кейбір шетелдік павильон иелері ардагерлерімізге арнап ескерткіш сыйлықтар ұсынды.  Оларды аралап жүрген кезде делегация «Тақиялы періште» кинофильмінде басты рөлді сомдаған актер Әлімғазы Райымбековты кездестіріп, әңгіме-дүкен құрды, онымен де естелік суретке түсті. Көрмеге жасалған саяхат үлкендерімізге қатты ұнады.  Соңғы күні делегация Ұлттық Музей, Бейбітшілік және келісім сарайы, Хазрет Сұлтан мешіті және «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясындағы этноауылға барды. Әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырдағы табыстарын, жетістіктерін көзбен көріп, мерейлері тасыған бөкейліктер ауылға тың құлшыныспен оралды.

Жалпы, үшкүндік саяхат ардагерлерімізге жақсы тарту болды. Олар Астана қаласына баруды ұйымдастырған аудан әкімі Н.Рахымжановқа, аудан әкімдігінің өзге де қызметкерлеріне шексіз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

– Еліміз көркейе берсін! Мәңгілік елге айналсын!-десті бірауыздан аға буын өкілдері.

 

Гүлжан БИСЕКЕНОВА,

аудандық «Нарын шуағы» әйелдер

қоғамдық бірлестігінің төрайымы.