Біздің басшы қоғамдық наградаға ұсынылды

в-368

Ауданымыздың құрметті азаматы, КСРО және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, аудандық аурухана директоры Ә.У.Ғаббастың атына Қазақстан Республикасының қоғамдық наградалар мен атақтар комитеті сараптау кеңесінің төрағасы Назин Игорь Николаевичтен хат келді.

Онда аталмыш кеңестің Әділгерей Уәлиұлын саланың нағыз кәсіпқой маманы, талантты ұйымдастырушы әрі басшы ретінде және айрықша кәсіби жетістіктері мен еліміздің дамуына қосқан жеке үлесі үшін кандидатурасын «Қазақстанның құрметті азаматы» жоғары қоғамдық мойындау орденімен марапаттауға ұсыну жөнінде шешім қабылдағаны жазылған. Сондай-ақ, бұл марапаттың еліміздегі үздік адамдарға құрмет пен сый-сияпат көрсетудің керемет дәстүрі екені баяндалып, салтанатты рәсім 2017 жылғы 9 желтоқсанда Астана қаласында оздырылатыны құлаққағыс етілген. Шараны аппараттық-имидждік сүйемелдеудің құны тікелей қатысушыға – 1750000, сырттай қатысушыға – 1250000 теңге екен.

Әрине, Әділгерей Ғаббасты аудан жұртшылығына таныстырып жатудың өзі артық. Оны Бөкей жұртшылығының кәрі-жасы жақсы біледі. Көршілес Жәнібек ауданының Қайрат ауылында туып-өсіп, Орда, Жаңақала аудандарында, облыс орталығында еңбек еткен ол талай сәбиді өзі емдеп сауықтырса, кейін емдеу саласы жұмысын тиімді ұйымдастырумен әйгіленді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, жерлестерімізден, қалталы азаматтарымыздан осынау ақпараттық-имиджді сүйемелдеуді, яғни, демеушілік жасауды біз барша әріптестері атынан сұраймыз. Бір сөзбен айтқанда, осынау танымал тұлғамыздың бұл жоғарғы марапатқа да ие болуына қолдау-көмегімізді көрсетейік, ағайын!

Райгүл ҚҰБАЙТОВА,

аудандық аурухананың тіл маманы.