10.10.2017, 12:37
Қараулар: 334
Мұғалімдер мадақталды

Мұғалімдер мадақталды

Ұстаздардың кәсіби мерекесі қазан айының алғашқы жексенбісі болғанымен ол биыл ресми түрде 6 қазанда аталып өтілді. Діттеген күні аудандық мәдениет үйінде сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында тер төгіп жүрген мұғалімдер қауымына арналып «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты салтанатты кеш оздырылды. Онда осынау мамандық иесіне деген ыстық ықылас, жылы лебіз түрлі Құттықтау, Алғыс хаттар мен Мадақтаулар көрініс тауып, құшақ-құшақ гүлдер ұсынылды, өлең де өріліп, ән де шырқалды. Патша көңіл оқырманға түсінікті болуы үшін рет-ретімен баяндайық.

Сахна шымылдығы Қуаныш пен Аққу Дүйсекешевтердің орындауындағы «Алтын ұям – мектебім» әнімен ашылып, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов аудан мұғалімдерін құттықтап, бұл салада атқарылып жатқан істермен таныстырды. Сонымен қатар М-C.Бабажанов атындағы орта мектептің мұғалімі Нұргүл Елеусінова мен «Ер Төстік» бөбекжайының тәрбиешісі Айнұр Мусинаға Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрінің, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Уағиолла Нұрғалиевке, Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің директоры Айгүл Шәмшединоваға, Т.Масин атындағы орта мектептің мұғалімі Жанар Садыроваға  облыстық білім басқармасының және бір топ мұғалімдерге өзінің Алғыс хатын табыс етті. Өз кезегінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев та әріптестерін төл мейрамдарымен құттықтап, жетістіктері ауданға, облысқа танылғандың есімдерін атап, қошемет көрсетті. Айта кетелік, бұл салтанатта ардагерлер есімі де ерекше толғаныспен аталып, гүлдер ұсынылды.

Көтеріңкі көңілмен жиналғандар аудандық саз мектебі дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Раушан БАҚЫТОВА.

 

***

 

М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте де «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік!» тақырыбында 11-сынып оқушыларының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті.

 

Оқу ғимараты фойесінің салтанатқа сай безендірілуі, әр сыныптардың сүйікті ұстаздарына арнаған қабырға газеттері, қалықтаған әсем әуен бүгінгі күннің ерекше өтетінін таңнан бастап сездіргендей болса, кеште жоғары сынып оқушылары ұстаздарына концерттік бағдарлама ұсынды. Онда мектеп директоры Жұбан Ғұмаров әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, үздік мұғалімдерді марапаттаса, мектебіміздің өнерлі оқушылары әсем әндері мен билерін тарту етті. Айтылған ыстық тілектер мен өлең жолдары ұстаздардың жүректеріне жетіп, қуанышқа бөледі. Әрі шараға арнайы шақырылған ардагер-ұстаздар да  өз лебіздерін білдірді.

Аягүл КЕРЕЕВА,

 11 «а» сынып оқушысы.

  

Құттықтаулар

Басқа да мақалалар