Аудан әкімдігі жанындағы жеке меншік құқығын қорғау және мүлікті ұрлаумен күресу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы тамыз айындағы отырыс хаттамасының орындалу жайын бағамдауға арналды. Комиссия төрағасы, аудан әкімі Н.Рахымжанов күн тәртібімен таныстырғаннан кейін аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы І.Хайроллин, аудандық ветеринария бөлімі басшысы Н.Құсайынов өз салалары бойынша істеліп жатқан жұмыстармен таныстырса, аудандық прокуратураның аға прокуроры Р.Шәкіржанов тамыздағы хаттаманың әр тармағына тоқталып, «сең қозғалғанымен жылжуы баяу екендігін» нақты мысалдармен дәлелдеп, қарқын туғызу қажеттігін айтты. Жеті ауылдық округ әкімі де бұл бағытта қолға алған шараларын баяндап, аға прокурордың айтқан сандарын жоққа шығармады.
Меншігінің қорғалуы мен мүлкінің ұрланбауына иесі де жауапты екенін сөйлеушілер әлсін-әлсін ауызға алды. Бірақ, мал бақтыруға келгенде тұрғындардың көпшілігі қаржысын қимайтын сияқты. Бетімен кетіп, бау-бақша, саябақтарға, біреулердің ауласына түсіп, залал келтірген малды қамап, иелерін жауапкершілікке тарту жаңа-жаңа қолға алынып жатқан сыңайлы. Бағымға қосылмаған, сырғаланбаған мал жоғалса, иесінің арызы есепке алынғанымен, іздеу шарасы жүргізілмейтін көрінеді. Мүмкін тұрғындар енді ойланар. Көп болып қолға алмай, бұқара белсенділігінсіз белгіленген шаралардың толыққанды жүзеге асуы қиын ғой.