Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 30-тарауында қарастырылған «Көліктегі, жол шаруашылығындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар» аудандық соттың үнемі назарында. Өйткені, автокөлік жүргізушілердің арасында алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде рульге отырып, көлік жүргізу – ең көп тараған әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірі. Ағымдағы жылдың 8 айында жалпы 165 әкімшілік іс қаралса, соның 11-і көлік жүргізушілерге қатысты.
Заңнамаға сәйкес, көлік құралдарын мас күйінде жүргізгені не сондай жағдайдағы өзге біреуге бергені үшін үш жыл мерзімге, авариялық жағдай туғызған болса, төрт жылға, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдірсе, бес жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Жоғарыдағы жәйттер бойынша әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және алты жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соқтырады. Бұл жай қайталана берген сайын жаза да қатаңдай түседі. Айта кетелік, жүктi және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмағандарға, І, ІІ топтағы мүгедектерге, сондай-ақ, зейнет жастан асқан азаматтарға әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қолданылмайды. Оларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу белгіленген. Статистикаға жүгінсек, ауданымызда мас күйінде рөлге отырушылар азаяр емес. Тек соңғы 8 айда аудандық соттық қаулысымен 7 адам жүргізу құқығынан айрылып, 3 құқықбұзушы 20-дан 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай «тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидатын» ұстануды әрбір азамат өзіне міндет тұтса, құқықбұзушылық та жауапкершілікке тартылушылар да болмас еді.
Жандос ҚАНАТҰЛЫ,