30.01.2018, 17:06
Қараулар: 777
Мәдениет майталмандары

Мәдениет майталмандары

Кейде өткен күндердің елесі санада жаңғырып тұратыны бар. 1965 жылы мен Бисен ауылдық клубының меңгерушісі едім. Аудан көркемөнерпаздарының байқауы өтетін болып, қызу әзірлік жүріп жатқан-ды. Оған хор, домбыра ансамблі, жеке әнші, биші, көркемсөз оқу шеберлері қатысуы тиіс болатын. Өнерпаздарды түгендей келдік десек те, домбырада ойнайтын адам бізде жоқ екен. Ол кезде Есел аға Қазиев орталықта тұратын. Сол кісіге өтініш жасамақ ниетте үйіне бас сұқтым.

Барсам, ұлы Ермек (бүгінде танымал күйші) әскерден келіпті. Бұл шаңырақта ән мен күйдің шуағы төгілуде. Айтарға жоқ, Ермек қолы-қолына жұқпай, қара домбыраны шертіп отыр. Оның өнеріне тәнті болған мен: «Інім, сен домбырада шебер ойнайды екенсің. Бізбен бірге байқауға қатысып, күй тартсаң қайтеді?»-деп өтініш білдірдім.

– Бірде бір күйді толық білмеймін, бара алмаймын,-деді ол. Сосын «Өзім домбыра тартуға олақпын. Бірақ, нотаға түскен күйлерді түсінемін. Мен айтып, сен домбыраға түсіріп, жаттықсақ қайтеді?» деген сауалыма ол ойланып барып, келісімін берді.

Сонымен, ол аудан орталығында өткен «Өнер жолында» атты шарада «Балбырауын», «Айнамкөз» күйлерін шебер орындап, үздіктер қатарынан көрінді. Сөйтіп, облыстық байқауға жолдама алды. Одан әрі оның өнердегі жолы ашылып, республикалық байқауда да үздік деп танылды. Содан бері шашасына шаң жұқтырмас жүйріктер сапында келеді. Бүгінде Ермек Қазиев  «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер», «Құрмет» орденінің иегері. Бұл көзкөрген біз үшін үлкен мақтаныш.

…1987 жылы Жәнібек пен Қазталов аудандары облыстық ақындар айтысына әзірленді. Кемшілік пен жетістіктерін жырға қосу арқылы айтыс өнерінің де көрігін қыздыру міндеттелген. Ол кезде мен Жәнібек ауылында тұратынмын. Аудан басшыларының тапсырмасымен Қазталов ауданын аралап, шаруа жайларымен танысуға бардым. Ондағы мәдениет бөлімі менімен жыр бәсекесіне түсетін жеті өнерпаздың тізімін көрсетті. Алтыншы болып тізімде Қатимолла Бердіғалиев тұр. Мықты әнші екенін білетінмін. Алланың берген қасиеті ме, табан астында суырып салып айта береді екен.

Сонымен, біз дегбірсіздене күткен  айтыс шілде айының төрті күні Островский атындағы орыс драма театрында өтті. Қатимолла екеумізді соңғы, алтыншы жұпқа  белгілепті. Қарсыласым жарауы түскен жүйріктей іркілмей, лекіп отыр. Менің де делебем қозып, шумақтар кеудеме өз-өзінен құйылып жатыр. Өнер сүйер қауымды тамсандыра отырып, белгіленген уақыттан ұзап кеткен сияқтымыз. Халық әр сөзімізге дуылдата алақан соғып, қошеметтеуде. Бір кезде мен айтыс уақыты тәмамдалды деген оймен:

Айтыста жыр төгесің іркілместен,

Бәрінде жөн еді ғой, біліп шешкен.

Ақынын Жәнібектің жеңемін деп,

Ағамыз Неғмет те жүріп кеткен, –

дей салдым. Сол сәт Қатимолла домбырасын қағып-қағып жіберді де:

Айтуға өлең сөзді өре білген,

Айтыста үзеңгілес ең бірге жүрген.

Ортада сен аман жүр, ақын аға,

Өзің ғой, Неғмет, Елекеш көзін көрген, –

деп, жөн білетінін көрсетіп, мені көтермелеп тастады. Кезегім келгенде мен де Қатимоллаға ақ ниетімді білдіріп, жылы қоштастым.

Бұл күнде өнердің жарық жұлдызына айналған осынау қос тұлғаның бір кезде жанашыры ретінде тілеулес ағасы болғанымды өзіме зор бақыт санаймын. Ал, дөңгеленген дүние тегершігі тоқтамай алға зырлап барады. Тілегім – өнердің осынау қос қыраны зеңгір көкте қалықтай бергей!

Кенжеғали БАЛАБАСОВ,

облыс ақыны.

Бисен ауылдық округі.

Суреттерде: күйші Ермек пен әнші Қатимолла.