17.07.2018, 9:44
Қараулар: 213
Үшінші орын

Үшінші орын

Астанамыздың туған күніне арналып Орал қаласында өткен «Ел жүрегі – Астана» көркемөнерпаз ұжымдарының облыстық фестиваліне де барып, «Әу» демейтін қазақ жоқ деп, өнерімізді танытып келдік. Барлық аудан мен қалалық, нақтырақ айтқанда, 15 өнер ұжымы қатысқан бұл сында біздің халықтық «Нарын әжелері» ансамбліне (жетекшісі Роза Түменова, сүйемелдеуші Марат Ағишанов) жүлделі ІІІ орын бұйырды. Онда патриоттық рухтағы «Туған жер», «Сарыарқа» әндерін әуелеттік.

Біз жолдың шалғайлығы мен ауа райының аптап ыссылығынан Орал шаһарына шаршап, шалдығып жеттік. Алайда, жерлестеріміз қолдау білдіріп, Мейрамбек Шүкірғалиев, Қуанышбек Зәбесов, Ертуған Ғұбашев пен Талғат Ғазезов сынды кәсіпкерлердің сахналық киім алуға қаражатпен жәрдемдесуі, жалпы, жұртшылықтың сенім артуы тың жігер берді. Ансамбль жетекшісі Роза Түменова, мүшелері Ғайша Ғабдоллина, Майжамал Мусина, Ұлболсын Сатыбалдиева, Тотия Каленбаева, Бірғаным Сариева, Гүлсара Нықмұқанова, Қарлығаш Қарабалина, Алтын Ғабдоллина, Салтанат Жұмағазиева және осы жолдардың авторы бар ансамбліміз аудан намысын қорғауға мейлінше тырысып бақты. Өнерге жанашыр жандарға, осы сапарда басы-қасымызда болып, жағдайымызды жасаған Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Ажар Балабасоваға кештеу болса да, өз ризашылығымызды жеткізуді парыз санадық.

Жақсы күндерде жүздесе берейік, ағайын!

Мақпал ҒҰБАШЕВА,

әжелер ансамблінің мүшесі,

зейнеткер.

Хан ордасы ауылы.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.