17.07.2018, 9:49
Қараулар: 446
Тасаттық садақасы

Тасаттық садақасы

Өздеріңізге белгілі биылғы жаз қуаңшылықты болуда. Аптап ыстықтан жер қуарып, мал азып барады. Мұның бәрі тіршілік көзі – судың, яғни, жауынның жоқтығынан. Сондықтан сайқындықтар тасаттық садақасын беруді ұйғарып, жақында оны іске асырды. Алдымен, далалықта құран оқылып, кейін «Думан» тойханасында дастархан жайылды. Оған әркім шама-шарқы келгенше (200, 500, 1000, 2000 теңге) қаржы беріп, барлығы 153100 теңге жиналды. Тойханада келушілерге 150 орын әзірленгенімен, көп үстел бос қалды. Мәселе, ақшада емес, ауызбіршіліктің кеміп бара жатқанында. Себебі, осындайда ниетіміз бір жерге тоғысып, бірлігіміздің көрініс табуы керек қой.  Ешкімді жазғырмаймыз, тек берекемізге сызат түспесе болғаны. Айта кету керек, бұл садақаға тойхана иесі Жанар Темірешева ғимаратын тегін берсе, жеке кәсіпкер Қайырболат Хамидоллиннің бір өзі құрбандыққа үш қойын шалып, сауапты іс істеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары Самиға Ахметжанова, Алтынгүл Дауылбаева, Жамал Наушекенова, Бибігүл Жұмағұлова және онымен жұмыстас қыз-келіншектер зор көмегін тигізді. Мешітте ыдыс-аяқ жетпеген соң жиналған қаражаттың 30720 теңгесіне 50  тастабақ (тәрелке), 34 кесе, 20 метр дастархан алсақ, қалған 47 мың теңгені мешітке тапсырдық. Ал, садақа дастарханынан қалған тағамдарды Сайқын ауылдық округі әкімшілігі маманының көмегімен жоқ-жітік жанұяларға тараттық.

Несін жасырамыз, көктемнің көрікті күндерінің біріне белгіленген тасаттық садақамыз биыл кешірек қолға алынды. Болашақта мұндай жайбасарлыққа жол бермегеніміз дұрыс сияқты. Бірлігі мықты жұрттың тірлігі де келісті болары сөзсіз ғой. Әрі алғыспен ел көгеретінін, жаңбырмен жер көгеретінін естен шығармаған абзал-ау!

Қалампыр АЙТЖАНҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.