7.08.2018, 10:36
Қараулар: 398
Тұңғыштар мекені жаңа кезеңде

Тұңғыштар мекені жаңа кезеңде

Газетіміздің өткен санында хабарланғанындай, 30 шілде күні облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастаған, құрамында БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Айдар Батырханов бар топ қойнауы құт, шежірелі мекен – Хан ордасы ауылына ат басын тіреді. Қалыптасқан дәстүр бойынша олар жолай Хан зиратындағы Жәңгір хан, М-С.Бабажанов, Дәулеткерей кесенелеріне соғып, бабалар рухына тағзым етті. Құрметті меймандар өздерін қарсылап алған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, оның орынбасары Лариса Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, ішкі саясат бөлімі басшысы Асқар Әжіғалиев, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Айтқалиев, Орда ауылдық округі әкімі Медет Сейсенов, Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені директоры Ғайса Махимовтардың бастауымен Жәңгір хан атындағы орта мектепті, «Ақ бота» бөбекжайын, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхананы, тарихи-мұражай кешені музейлерін аралап, тұңғыштар мекенінің бай тарихымен танысты. Музей кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырды.

Мұражай кешеніндегі «Хан сарайының» оң қапталында ауыл жастарымен болған кездесуді Нұрлан Сағынтайұлы ашып, ауданымыздың қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар етсе, Ғабидолла Абдоллаұлы Елбасымыздың стратегиялық мақаласынан туындаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын терең ашып көрсетіп, болашақта атқарылуға тиісті істерді баяндады. Ата-бабаларымыздың еңбек, ерлік дәстүрлерін бойға сіңіріп, шежірелерін ойға түйіп, туған жерге деген сүйіспеншілік пен отаншылдық, патриотизм, ұлттық намыс пен мақтаныш сезімдері хақында келелі әңгіме қозғады.

– Ұлыбританияда үш жыл оқыдым. Тәлім-тәрбиелерін көрдім. Ағылшындар елдерінің бір кезде ұлы империя болғанын, тілдерінің әлемге таралғанын, футболдың отаны екенін мақтан етеді. Қазақтар да ешкімнен кем емес. Бастарынан небір қиындықты өткеріп, мың өліп, мың тірілсе де тілін, елдігін, бірлігін сақтап, намысын таптатпай, алға ұмтылуда. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қазақ хандығын қалыптастырған бабаларымыз «білектінің бірді, білімдінің жүзді» жығатынын айтып кеткен. Бодандықтың қамыты мойынға ілінген заманда хан Жәңгірдің орыс патшасынан мектеп ашуға рұқсат сұрап, дегеніне жетуі кейінгі ұрпақтың европаша білім алуына жол ашты. Осылайша, халқын жаңашылдыққа жетеледі. Енді, міне, ел егемендігіне қол жетті. Әлем елдерімен тереземіз теңесті. Бүгінгіден де нұрлы болашаққа жетуіміз үшін бірлесе, еселенген жігермен жұмыстануымыз керек. Жастарымыз сол көштің алдыңғы сапынан табылуы тиіс, – деген облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов біліммен қоса тәлім-тәрбие ісіне маңыз беру қажеттігін баса көрсетті. «Рухани жаңғырудың» бағдарламаларына жеке-жеке тоқталып, әрқайсысын саралап, соған сай нақты тындырылар істерді де қамтыды.

Мемлекет басшысының облысымызға келген биылғы сапарында Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесін қозғап, арнайы тапсырма бергені белгілі. Сол бойынша қолға алынған істен де көпшілік құлағдар. Бұйырса екі-үш жылда асфальт жол да ауылымызға кірер. Туристер де ағылар. Оларды қабылдауға біз әзірміз бе? Әрине, музей қызметкерлері дағдылы жұмыстарын бұрынғыдан да жетілдірер. Ал, келушілердің қоналқы, аухат, көлік жөндеу, т.б. мәселелері қалай шешілмек? Осының бәрін мойынына алар, ойдағыдай тындырар кәсіпкерлеріміз бар ма? Жастардың бизнеске құлшынысы қандай? Дөңгелек үстел түрінде өткен кездесуде осы бағытта сөз қозғалып, Нұрлан Сағынтайұлы мен Лариса  Тельманқызы да қызықты мәліметтерді, құнды пікірлерді алға тартты.

Биылғы көктемдегі су тасқынында аула-қорасы бүліншілікке ұшыраған бір қазақ дабылдатып әкімдікке барып, олар төтеншеліктерді жіберіп, суды жырып, әбігерге түсіп жатса, әлгі үйдің соқталдай-соқталдай жігіттері қолдары қалтасында, жұмысшыларға «былай істе, олай істе» деп кеңес бергені, таяуда Ресейде өткен әлемдік теңбіл доп додасын тамашалауға келген жапондықтардың стадиондағы, қонақ үйдегі орындарын тазалап кеткені жөнінде де айтылып, өрісті ой өрбітілді. Облыс әкімінің орынбасары жастарға сұрақ тастап, жетелегінімен БҚМУ магистрі Әли Қабдірахимов пен Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Жанна Темірболатовадан өзгелері ілесе қоймады.

Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі меймандарға, қатысушыларға рақмет айтып, ұлт жадының тұғырнамасы саналатын бағдарламаның, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратынын еске салып, жиналғандарды рухани жаңғыру ісіне атсалысуға шақырды.