14.08.2018, 17:02
Қараулар: 1248
Мерей жас

Мерей жас

Өткен жұма күні аудан әкімінің орынбасарлары Рүстем Зұлқашев, Лариса Қайырғалиева мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилидиді мекемесіне асқаралы алпыс жасымен құттықтай барды.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың игі тілектері жазылған құттықтау хатты ұсынған Рүстем Мүлкайұлы өз лебізін де жеткізіп, естелік сыйлық табыстады.

Қазіргі заман адамы үшін алпыс жас қартаюдың емес, кемелденген шақтың белгісі деп білетінін айтқан Лариса Тельманқызы мерейжас иесінің қызметтегі, қоғамдағы жұмыстарына тоқталды. Кіндік қаны осы жерде тамған ардагер спортшы славян ұлтының өкілі ретінде ауданда «Луч добра» этно-мәдени бірлестік құрып, мәдени шаралар өткізіп, ауызбіршілікті нығайтуға өзіндік үлесін қосып жүргендігін жеткізді. Өмірі өзі басқарып отырған спорт мектебінің жасарып, жаңғыруымен біте қайнасып кеткен Дмитрий Фиофиловичті спорттан ажыратып қарау да мүмкін еместей көрінеді бізге. Өйткені, ол осынау мектептің құрылуының басы-қасында болып, әр ұланды биіктерге жетелеп, жеңістеріне қуанып, ауданымыздың намысын аймақ, облыс, республикалық жарыстарда танытуға мұрындық болып жүрген жан. Бүгінде мектепте тәрбиеленген шәкірттердің жетістіктері бір төбе. Оған оның жұмыс бөлмесінде сап түзеп тұрған түрлі марапаттар айқын дәлел. Айта кетелік, ұстаздың алдын көрген жасөспірімдердің арасында  бүгінде республикалық, халықаралық алаңдарда өз шеберліктерін көрсетіп, мойындатып та үлгергендері бар. Зайыбы Наталья Александровна да ұзақ жылдан бері спорт мектебінде қызмет етіп отағасына үйде де, жұмыста да демеу болуда.

Әлібек Қанатбайұлы әріптесіне Жамбыл бабамыздың жасын жетуін тілесе, өз кезегінде Дмитрий Фиофилович меймандарға ыстық ықыластары үшін ризашылығын білдірді.

Раушан БАҚЫТОВА.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар