2.11.2018, 14:18
Қараулар: 746
Шөбере қолынан су ішіп…

Шөбере қолынан су ішіп…

Сайқын ауылдық округі әкімі Мейрамбек Аққалиев пен округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Марат Қадешев қарашаның алғашқы күнінде 80 жасқа толған, еңбек ардагері, ауданымыздың құрметті азаматы Марат Мыңбаевты Шоңай елді мекеніне барып құттықтап, аудан әкімінің құттықтау хаты мен ескерткіш сыйлығын табыс етті.

М.Мыңбаев та сұм соғыстың салдарынан балалық бал дәуренінен, қамқор әкеден (әкесі Сталинград майданында қаза тапқан) айырылған, жесір ананың тәрбиесінде жалғыз өскен ұрпақтың санатынан. 10 жасында мектеп табалдырығын аттаған ол жетінші сыныптан соң еңбекке араласады. 18 жасында аға шопан атанып, 19-ында үйленеді. 20 жасында тұңғышы Әлібек (бұл күнде ол да зейнеткер, Ресейдің Эльтон станциясында тұрады) дүниеге келіпті. 56 жыл отасқан, тұрмыстың тауқыметін, ішкі-сыртқы шаруаны тең бөлісе, мұның еңбекте абыройға бөленуіне өлшеусіз үлес қоса жүріп, оншақты құрсақ көтерген, жастай шетінегендерінен басқа Әлібек, Баян, Мәншүк (марқұм), Айдарбек (марқұм), Айғаным (марқұм), Абай, Шәмел сынды ұл-қыздарын өсірген зайыбы Қырмызының бақиға аттанғанына да 4-5 жыл болып қалыпты. Өңірінде «Октябрь революциясы», ІІІ және ІІ дәрежелі Еңбек Даңқы ордендері мен бірнеше медаль жарқыраған Мәкең құлағы мүкіс тартқаны болмаса, әлі тың. Эльтондағы Әлібек пен Сайқындағы Баян, Абай түгіл, ауыл шетіндегі Шамелдің қолына бармай, қара шаңырақта тапжылмай отыр.

– Әке көрген оқ жонады, деген 3-4 жыл туырысында «Марат» шаруа қожалығын құрғанмын. Динара екеуміз соның қамындамыз. Бір ауылда тұрып қартты қараусыз қалдырмаймыз ғой. Күніне әлдене рет соғамыз,-деген Шамел әкесін мерейжасымен құттықтай келгендерді өз отауына шақырып, дастархан жайды.

–Жақында Эльтондағы құдам да 80-ге толып, барып келдім. Тума-туыс, жақын-жанаптарымен кафеде өткізді. Ол да мал бағып, кезінде мадақтаулар иеленген жан-ды. Бірақ, олардың әкімшілігінен ешкім қара көрсетпеді. Себебін сұрап ем. Одақ тарағалы ондағы басшылардың бұрынғыларды ұмыт қалғандарын айтты. Қарияларды елеп-ескеріп, құрметтеп жатқан ауыл, аудан әкімдеріне, баршаңызға рақмет!-деді оннан аса немере, алты шөбере және сонша жиен-жиеншар сүйіп отырған Марат аға Мыңбаев шың пейілмен.

Каримолла ҒАЙСИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар