29.11.2018, 15:26
Қараулар: 783
ЕЛБАСЫ ЕЛІМІЗГЕ ЕКІ КЕЛДІ

ЕЛБАСЫ ЕЛІМІЗГЕ ЕКІ КЕЛДІ

 

Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  арнайы ат басын бұрып, екі мәрте келген екен.

Елдің  шетінде, желдің өтінде тұрған құм қойнауындағы ауданның Елбасын екі келтірердей не қасиеті болды деген сауал туары заңды. Сонау 1990 жылдардың басында Н.Назарбаев Қазанға барған сапарында қазақтың соңғы ханы, сарабдал саясат жүргізе білген Жәңгірдің суретін көріп, тарихи мәліметті естіп біледі. Ол кезде Алаш тарихының ақтаңдақтары әлі де тарих тұңғиығында жатқан кезі болатын.

1990 жылдың қыркүйегінде Хан Ордасына табан тіреген Елбасымыз уақыттың тығыздығына қарамастан тарихи, мәдени, архитектуралық нысандарды жаяу аралап көрді. Қазақ тарихында ойып орын алатын қасиетті өлкенің тарихына қанықты.

Бүгінде талай қонақты бай жәдігерлерімен таңдай қақтырған аудандық тарихи музей кешені ол кезде тарихи революциялық музейі деп аталатын. Тарихи жәдігерлер қоры да, сәні мен салтанаты да жадаулау еді. Осы музейдің ұсыныс-пікірлер кітапшасында  Н.Назарбаев  «Орданың тарихи музейінен зор әсер алдым. Өз жерінің, өз елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ. Орда жұртшылығына, музей қызметкерлеріне зор бақыт, табыс тілеймін» деп қолтаңба қалдырған екен.

Ұлт тарихындағы талай марғасқаның кіндік қаны тамған, Хан Жәңгірдің ізі қалған мекенді аралаған ұлт басшысы архитектуралық нысандарды мемлекеттік қорғауға алып, жөндеу, қайта қалпына келтіру мәселесін жауапты адамдарға жүктеген болатын. Ол сөз жүзінде қалмай, қолға алынды да. Елбасының Орда жеріне келген алғаш сапарынан бастап өлкеміздің мәдени мұрасына көңіл бөліне бастады. Аудандық тарихи музейдің екінші тынсы ашылғандай болды. Хан сарайының шығыс флигелі, дәрігер Сергачев үйі, педтехникум ғимараттары музейдің қарамағына берілді.

Осы тұрғыда туған жеріне ғана емес, тұтас ұлттың тарихына мүлтіксіз қызмет еткен Темірболат Махимовтің өлшеусіз еңбегін айта кеткен жөн. Арнайы келген Елбасына өлкенің тарихын, маңызы мен мәнін жеткізе білген Темірболат ағамыз үлкен тарихи кешеннің мызғымас іргетасын қалап бергенді сол кезде.

Араға жеті жыл салып Елбасы 1997 жылдың қыркүйегінде құм Нарынға екінші мәрте келіп, Жәңгірдің кесенесін салтанатты түрде ашты.

Кейін Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Президентіміздің бастамасымен қабылданған «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына» енді. Күтімсіз қалған ғимараттар қалпына келтіріліп, жаңарту жұмыстары жүргізілді. Мысалы, қыздар училищесі ғимараты, Хан сарайының батыс флигелі мен орталық бөлігі тұрғызылды және кешеннің ауласы абаттандырылды.

Аудандық тарихи музей кешені Қазақстанның жалпыұлттық киелі 100 нысанының қатарына енгізілді.

Қан сіңген қасиетті Нарын осы,

Би  сөйлеп,

Батыр жортып,

Хандар жатқан, -деп ақын Ғайса Сейтақ жырлағандай, әр тасы тарих, құлпытасы кие тұнған Нарынға Елбасының екі келгені де өз алдына бір тарих.

Құм Нарынның құт-киесі тек осы жерде туғандардың емес, күллі қазаққа ортақ, өлке тарихы әр қазақ үшін көздің қарашығындай қастерлі.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар