29.11.2018, 15:56
Қараулар: 825
МЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІМ

МЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІМ

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай адами болмыс, қасиет-қабілетін ерекше бағалайсыз,  өзіңізге үлгі тұтасыз?

Назымгүл ОРАЗГЕЛДИЕВА,

Бөкей ордасы тарихи музей кешені директорының орынбасары

– Мен Елбасымыздың асқан көрегенділігі, парасаттылығын жоғары бағалаймын. Ұлт басшысының көрегенділігі сарабдал саясатынан көрінсе, парастылығын әр ісінен, әрекетінен, зиялылығын сөзін байқауға болады. Тілге шешен, өыған-тоқығаны, өмірден алған сабағы мен тәлімі мол. Кез келген орта, кез келген жағдайда ұтымды сөз айтып, пәтуалы әңгіме айтады. Осы бір шешендігіне таң қаламын. Парасаттылық пен зиялылық текпен, қанмен берілетін қасиет қой. Үлгі тұтқанмен көшіріп ала алмайсың. Сондықтан, таң қаламын деймін.

Асқар Әжіғалиев,

аудандық ішкі саясат бөлімінің  басшысы:

– Өзіміздің мемлекеттік рәміздеріміз, Әнұранымыз, төл валютамыз бен Ата заңымыздың негізі қалыптасқан ел ретінде  іргесін бекітіп, шекарасын шегелеген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшылық қасиетін ерекше бағалаймын. Оның күрмеуі көп қиын шақта тыңнан түрен салып, биікке жетелей білген батылдығы, стратегиялық таланты мен көрегенділігі біз секілді мемлекеттік қызметкерлер үшін өнеге болмақ. Сарабдал да салиқалы  саясатының арқасында қазақ елін ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеп, әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің  қатарына қоса білген Елбасының берік ұстанымдары мен жарқын болашаққа деген риясыз сенімі бізді де биік мақсаттарға жетелейді.

 

Мейрамбек АҚҚАЛИЕВ,

Сайқын ауылдық округінің әкімі:

–Елбасының көрегенділігі мен көшбасшылық қасиеті, іскерлік қарым қабілеті тәнті қылады. Лидерліктің барлық болмысы Ұлт басшысының бір өзінен табылады емес пе? Жоғары бағалап отырған қасиеттерін  тарқатып айтсақ, саясатты айналып өте алмаймыз. Сонау тоқырау жылдары еліміздің экономикалық ахуалын басты межеге алып, геосаяси жағдайды емес, халықтың әлеуетін жақсартуға барын салды.  Елдің ішкі тұрақтылығы  мен бірлігін ойлады. Туған жерінің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп келетін  Президентіміздің табандылығы мен қайтпас қажырлығына да қайран қаламын.

Жалғас ТАШУОВ,

Мұратсай ауылдық округінің әкімі:

– Ежелгі Шығыс аңыздарында «есті патшаның бойында алты әулиенің қасиеті болады» деген екен. Бабаларға арман болған Тәуелсіздікті орнату бір басқа да, түрі басқа, тілегі бір әр алуан ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып, бір мақсат-мүддеге жұмылдыру, бүгінгі заманның көшіне ілесіп қана қоймай, меженің алдыңғы қатарына көрінуге қызмет ету, сөйте тұра қасиетті тарихтың алтын тамырын үзіп алмай, қайта жандандыру тегін адамның қолынан келетін іс емес. Осы тұрғыдан алғанда мен Елбасымыздың мақсат-мұратына беріктігіне, ісіне адалдығы мен көшбасшылық қырына, адами, азаматтығына қызығамын, тәнті боламын. Бұл аталғандардың бәрі ана сүтімен, әкенің қанымен берілетін қасиеттер ғой. Бір асылға бір ғасырда берілетін қасиеттер десе де артық айтқандық емес.

 

Орынгүл МАРАЛОВА,

аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы:

– Мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бойында әр Қазақстан азаматы үлгі алатындай айрықша қасиеті көп дер едім. Әсіресе, оның ұлтжандылығын, еліне, жеріне деген шексіз махаббатын қалай айтып өтпеуге болады? Біз, яғни, жас мамандар Елбасымыз секілді патриотизмнің жоғарғы үлгісін көрсете білуіміз тиістіміз. Елбасының халықпен жүздескен сайын өнерден де құр алақан еместігін байқаймыз. Оның қазақтың ұлттық әндерін жатқа білетіндігі де таңқалдырады. Және ол кісінің салауатты өмір салтын ұстанып, көптеген жас буынға үлгі болып отырғаны да шындық.